"От жағып та амалдадық". Түркістан облысында картоп алқабы үсіп кетті

"От жағып та амалдадық". Түркістан облысында картоп алқабы үсіп кетті

Түркістан облысы Сайрам ауданында 500 гектарды алып жатқан картоп алқабы үсіп кетті. Дәннің бәрі ақпанның аяғы мен наурыздың басында егілген. Алайда ол өнім бермей жатып, сәуірдің суығына шыдамады. Шаруалар шаш етектен шығынға батқанын айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Егін егуге шаруалар 1 миллионнан аса қаржы жұмсаған. Одан бөлек дәрілеуге де шамамен осындай қаржы кеткен.

"Биыл 18 мың тонна картоп аламыз деп жоспарлаған едік. Бірақ бір тонна да шықпайтын сияқты. Сәуірде болған суықтан еккен картобымыздың 80 пайызы үсіп кетті. Біз ауа райын бақылап, қарап отырдық. Сол суық болған түні алқаптың жан-жағына от жағып та амалдадық. Алайда одан ештеңе шықпады", - дейді Абдурасул Жалалов.

Бір түнде бар еңбегі құрдымға кеткен шаруалар көмек бола ма деген үмітпен әкімдікке де барған. Бірақ олар жарытып жауап берген шенеунік таппағандарын жеткізді.

"Шығынға батқанның барлығы да қарапайым шаруалар. Біздің бар үмітіміз, табатын нәпақамыз жер анаға байланысты. Онсыз да ешкімнен ештеңе сұрамаймыз. Бірақ осы жолы әкімдіктен бір көмек бола ма деп барғанымызда, облысқа хабарласу керек деп шығарып салған. Содан бері хат-хабар жоқ", - дейді сайрамдық шаруа.

Түркістан облысы ауылшаруашылық басқармасының басшысы бар кінә шаруалардың өзінен екенін жеткізді. Табиғи апат болмаса, биліктен қолдау берілмейтінін мәлімдеген ол шаруалардың өздері алқапты арнайы жабынмен жауып, аман алып қалуы керек болғанын айтты.

"Табиғи апат болып, залал содан келсе, әкімдіктен көмек берілетін еді. Бірақ бұл жерде жағдай басқаша. Тұрғындардың өздері де егін алқабын арнайы жабынмен жабуы керек еді. Басқалары солай істеді. Бұл жағдайда заң тұрғысынан бізден ешқандай көмек берілмеді", - дейді Түркістан облысы ауылшаруашылық басқармасының басшысы Тұрғынбек Оспанов.

Айта кетейік, қатты суықтан сайрамдық шаруалар ғана шығынға батқан жоқ. Сондай-ақ, Бәйдібек, Төлеби, Түлкібас аудандарында да егілген картоп алқабы үсіп кетті. Ал шаруалар бұл жағдай базардағы бағаға әсер етпей қоймайтынын айтады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова