"Балаға тонометр керек емес". СҚО-да өткен балалар байқауында оқушы күтпеген сыйлық алды

Солтүстік Қазақстан облысында балалар байқауының жеңімпазына тонометр сыйға тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.

Облыстық "Жас биолог-зерттеуші" балалар байқауында жеңімпазға күтпеген сыйлық табыс етілді. Петропавл тұрғыны Ольга Файзулинаның әлеуметтік желідегі жазбасынан балаға қандай сыйлық жасалғаны белгілі болды. Әйел - отбасылық үлгідегі балалар ауылының 8-сынып оқушысының тәлімгері.

"Ангелина бірнеше ай бойы жануарларды зарарсыздандыруға байланысты биологиядан ғылыми жоба дайындады. Ол егеуқұйрықтарға тәжірибе жүргізді. Басқа жүлдегерлерге телефон қуаттайтын құрылғы мен құлаққаптар берілді. Сондықтан біз бірінші орынға маңыздырақ сыйлық болар деп ойладық. Бірақ ол ең қарапайым модельдегі тонометр болып шықты. Күтпеген сыйлық, өйткені балаға тонометр керек емес. Мен мұндайды бұрын-соңды көрмедім", - деп бөлісті Ольга Файзулина.

Ольга мен Ангелина қан қысымын өлшейтін құралды сатып, сол ақшаға құлаққап сатып алуды ұйғарған деп хабарланды.

Кейін балалар байқауы өткен Оқушылар сарайының ғылыми-биологиялық бағыттағы бөлім меңгерушісі жеңімпазға неліктен тонометр сыйға тартылғанын түсіндірді.

"Қатысушылардың жобалары медицина, экология, ауыл шаруашылығы, биотехнология саласындағы зерттеулермен байланысты. Жобалар тақырыбына сәйкес физиология саласындағы ғылыми-зерттеу қызметін дамыту және тәжірибеде қолдану мақсатында гран-при жүлдесі осылай дайындалды", - деп түсіндірді бөлім меңгерушісі.

Айта кетейік, тонометрдің иесі оны сатып алуға дайын адам тапқан. Оның орнына оқушы қыз өзіне құлаққап сатып алған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!