Ұлытау облысында бір құты бояу 1,6 миллион теңгеге сатып алынбақ болған

Ұлытау облысында бір құты еден бояуы тендер арқылы 1 миллион 600 мың теңгеге сатып алынбақ болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі осындай заңбұзушылықтың жолын кесті. Бұл жағдай Сәтбаевта болған. Мектеп есепшілері мемлекеттік сатып алу конкурсында бояу бағасын 70 мың есе арттырған. Құзырлы орган өкілдерінің араласуымен байқау қайта жарияланып, 18 банка бояу небары 47 мың теңгеге сатып алынды. Департамент қызметкерлері осыған ұқсас тағы бір заңбұзушылық анықтады. Қаражал әкімдігі құны 11 миллион теңгеден аспайтын қызметтік көлікті 65 миллион теңгеге сатып алуға конкурс жариялаған.

"Жұмыс нәтижелері бойынша биылдың бірінші тоқсанында 34 миллион теңге шамасында бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол берілмеді. Бұл бұзушылықтар бойынша тиісті ұсынымдар енгізілді. Жалпы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұзушылықтарды анықтау үшін жұмысты жалғастырып жатыр, ол үшін сатып алудың бірыңғай ақпараттық терезесі мәліметтерінің мониторингі тұрақты негізде жүргізіледі. Агенттікке осы платформаны жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізілді", - деді Ұлытау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің аса маңызды істер бойынша офицері Гүлнұр Сүлейменова. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!