Еуропалықтарды таңғалдырған "Арнау" ансамблі

Еуропалықтарды таңғалдырған "Арнау" ансамблі

Орал шаһарындағы "Атамекен" өнер ордасы жанындағы "Арнау" этно-фольклорлық ансамблі Словакия, Австрия, Венгрия елдерінде өнер көрсетіп қайтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Арнау" этно-фольклорлық ансамблі 2018 жылы облыстық жастар шығармашылығы орталығының жанынан құрылған. Аз ғана уақыт ішінде труппа қазақ жұртшылығын ғана емес, шетелдіктерді де өз өнерімен бағындырып үлгерді.

"Музыканттар да спортшылар сияқты, үлкен ареналарда өнер көрсетпесе делебесі қозатын халық ғой. Негізінен пандемия басталмас бұрын Түркияға гастрольдік сапармен шықпақ болып, жоспарымыз іске аспай қалды. Наурыз айында Словакия, Австрия, Венгрия елдеріне  ұлыстың ұлы күнін тойлау аясында  гастрольдік сапарға шығып қайттық", – дейді Жастар шығармашылығы орталығының директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Марат Қалиев.

Жұртшылық еуропалық музыканы  классикалық өнердің өзіндік эталоны ретінде мойындайтыны рас. Ал еуропалықтар ұлы даланың ғажайып әуендеріне елтіп, қазақ өнерпаздарының өнеріне бас иіп, құрмет көрсетіпті. Содан да болар  "Арнау" ансамблінің өнерпаздары гастрольдік сапардан ерекше әсермен оралған. Әсіресе, Венгрия астанасы Будапешт, Карцаг қалаларында өткен өнер кеші ерекше есте қалыпты. Олар қазақ әндерін тыңдағанда ерекше күйге бөленіп, ұзақ қол соғыпты.

     Словакия астанасы  Братислава қаласының  бас алаңында наурыз мерекесіне орай,  алғаш рет ақшаңқан киіз үй тігіледі. Этнокөрмеге келушілер ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік  мәдени мұралар тізіміне енген киіз үйдің мыңжылдық тарихымен және оны жасаудағы ерекше шеберлігімен танысады.

     Австрияның астанасы Вена қаласында мерекелік шараны Венадағы Қазақстан Республикасының Елшілігі қолдауымен Дүйсен Қасейінов атындағы қор және  Батыс Қазақстан облысы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған. Одан әрі талғампаз көрермендер домбыра, қобыз, сазсырнай, жетіген, т.б ұлттық аспаптарда шебер орындалған өнер майталмандарының концерті мен Қазақстан композиторларының шығармаларын ыстық ықыласпен қабыл алды.

"Табан тіреген елдердің әрқайсысында бізді жылы қарсы алып, қонақжайлылық танытты. Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарының үнін естіп, ду қол шапалақтаған көрермендерді әлі ұмыта алмай жүрміз. Оларға біздің  аспаптардан  жетіген, шаңқобыз, бас домбыра, сыбызғы, наркобыз, примақобыздың  үні қатты  ұнады. Аталмыш аспаптардың шығу тарихын сұраушылар көп болды. Кейбір тұрғындар өз аспаптарымен келіп, біздің аспаптарда ойнау шеберліктерін көрсетті. Әсіресе ансамбльдің әншісі Ернар Өмірәлінің өнерін ұнатқандар көп болды. Концерттен кейін көрермендер тағы бір-екі ән айтуын өтінді", - дейді "Арнау" этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Тимур Меңдіғалиев.

    Еуропаны қазақ өнерімен таңқалдырып қайтқан "Арнау" этно-фольклорлық ансамбліне биыл бес жыл толмақ. Ендігі кезекте олар әр елдің танымал әнін өз репертуарларына қоспақ ниетте. Қазіргі күнде  ансамбль  өңіріміздегі еңселі өнер ордасы "Атамекенде" қызмет етеді. "Атамекен" өнер ордасы заманауи технологиялық құралдармен, сапалы музыкалық аспаптармен жабдықталған. 

Айгерім ҒАЛЫМ

 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы