"Кесене орнында тұр ма, тұр": Түркістандық құзырлы мекемелер кесене мәселесін бір-біріне сілтеп, бастарын алып қашты  

Депутат Мақсат Толықбай Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұрғанын айтып, Мәжілістің жалпы отырысында премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдаған сауалы қоғамды дүр сілкінтті. Massaget.kz тілшісі осы мәселеге байланысты Түркістан қаласындағы 600 жылдық тарихы бар құнды жәдігерге жауапты мекемелермен байланысқа шығып, мәселенің ақ-қарасын анықтады.

Мақсат Толықбай өз сауалында кесененің қабырғалары ылғал тартқандықтан, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатқанын айтты.

"Тіпті күмбездің бетіне қара дақтар пайда болған. Ал қызметкерлер туристердің төбесінен сылақ түсіп жүрмесін деп, Тайқазанның аумағын қызыл лентамен қоршап қоюға мәжбүр. Өкінішке қарай, абаттандыру жұмыстарына ғана ден қойған жергілікті әкімдіктен мамандар кеңесіне құлақ асар ешкім табылмай тұр", - дейді ол.

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің баспасөз хатшысы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енетінін, оны қорғау, қалпына келтіру, т.б жұмыстар қаланың құзыретіне кірмейтінін айтты. Бұл салаға тікелей жауапты "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы" РМҚК директоры Мәулен Садықбековке хабарластық.   

"Негізі мәселе барына бар, ешкім оны жоққа шығарып отырған жоқ. Бірақ онымен біз айналыспаймыз ғой?! "Қазқайтажаңғырту" республикалық мемлекеттік кәсіпорны бар арнайы. Солар жөндейді, қалпына келтіреді, сапасына да өздері жауапты, біз оған араласпаймыз. Яғни, былайша айтқанда, кесене орнында тұр ма, тұр дейміз де, отыра береміз", - дейді ол.

Оның сөзінше, ғылыми конференция өткізілген.

"Жоқ, енді отыра бермейміз ғой, айтамыз, мәселе көтереміз. Күні кеше ғана осы бойынша біз Түркістан төрінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің ЮНЕСКО бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгеніне 20 жыл толуына орай "Әлемдік мәдени мұраларды қорғау, сақтау және басқару" тақырыбында Орта Азия ғалымдарының басын қосып ғылыми конференция өткіздік. Оның бәрі біздің Facebook-тегі ресми парақшамызда тұр, ашып көре беріңіздер. Енді қалғанын сол мекеменің өзіне шығып, сұраңыздар. Қай жылы қандай жұмыстар жүргізілді, алда не істеледі, өздері жауап берсін", - деді ол.

Жауапты мекеме "Қазқайтажаңғырту" 2021-2022 жылдары бұл кесенеге зерттеу-сараптау жұмыстарын жүргізілгенін айтып, нәтижесінде республикалық мемлекеттік кәсіпорын тарихи нышанның жағдайын "қанағаттанарлық" деп бағалаған.

             Яссауи кесенесі бизнес құралы секілді: неғұрлым көбірек қираса, соғұрлым көбірек ақша бөлінеді

Кесененің құлағалы тұрғаны жайлы мәселе қашаннан бері көтеріліп жүргенін зерттеп, түп-тамырына үңілгенімізде сала мамандарының мұны бұрыннан шырылдап айтып жүргенін аңғаруға болады. 

1981-1984 жылдар аралығында Қ.А.Яссауи кесенесіндегі реставрация жұмыстарына басшылық жасаған Жантемір Әлімов кезінде біраз қиындық туындағанын айтты.

"Біздің мекеме "Қазреставрация шеберханасы" деп аталды. Мәдениет министрлігіне қарадық. Бұрын бұл мекемеге келмей тұрғанда "реставрация дұрыс жасалып жатқан жоқ, түбі кесенені құлатып тынады" деген сөздерді еститінмін, бірақ "қойыңдар қайдағыны айтпай, мемлекет бәрін бақылап отыр" деп қорғаштайтынмын. Жұмысқа келген күні-ақ "Қазпроектреставрацияның" қаншама кемшілігін көріп, әлгі айтылғандардың қаңқу сөз емес, негізі бар екеніне көзім жетті. Жұмыс үстеліме бір күні бір жоба-смета келіп түсті. Ашып қалсам, "Кесененің төбесін, парапеттерін қорғасынмен қаптау керек" деген тапсырма тұр. Сол үшін тіпті Шымкент қорғасын зауытынан 30 тонна қорғасын әкеліп қойыпты. Дереу "сол кісінің ғана жаны ашиды" деп сол тұстағы мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібековке хат жолдадым. "Кесененің қабырғалары онсызда шыны глазурлармен қапталған, одан ауа өтпейді. Кесене қазір тек төбесімен ғана демалып тұр. Егер төбесін қорғасынмен қаптар болсақ, ауа жолдары біржола бітеліп қалады. Желайдағыш тесіктері тарс жабылған соң кесене ылғалданып, құзданады. Оның соңы опырылып құлауға әкеліп соғады" деп бәрін түсіндіріп жаздым. Сөйттім де әлгі "ғылыми" жобаны жарамсыз деп танып, 30 тонна қорғасынды зауытқа қайта апарып өткіздім", - дейді ол.

- Содан бері әлі қозғалыс жоқ па сонда? Жыл сайын жөндеп жатады ғой, неге осы жағына мән бермейді?

"Бар ғой, бар, қаншама адамдар келіп, жөндеп кетті, бірақ солар жөндеудің орнына бәрін құртып кетті. Білесіз, кезінде Тайқазанды Эрмитажға алып кетті, зорға қайтардық. Сосын кесене маңындағы шағын мазарларды қиратты, оның ішінде Сұлтан Рабия бегімнің де кесенесі бар", - дейді ол.

- Ол кесене орнында тұр емес пе?

"Ол - біздің бертінде Кунст-камера фотожинағына қарап, қайта тұрғызғанымыз ғой. 1984 жылы Ташкенттегі Бируни атындағы архивке бардым. КСРО кезінде мұрағаттан еш нәрсе түсірткізбейтін. Шағын блокнтпен ғана кіргізді ішке. Сол жерден Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің Әмір Темір заманында жасалған жобалары мен архитектуралық сызбаларына дейін сонда керемет сақтаулы тұр екен. Әсіресе, бір құжат көзіме оттай басылды. Қарасам, тура бізде қиратып тастаған Рабия Сұлтан Бегімнің кесенесінің суреті. 1954 жылы түсірілген. Екі бульдозермен қиратып жатыр. Сол сәтті фотоға түсіріп алған екен. Әлі күнге сол суреттің штрих-коды мен нөмірі сақтаулы тұр. Сонымен іздеп тауып, шындыққа көз жеткізсеңіздер болады. Өзбекстанда да дәл осындай кесене-мазарлар тұр, бірақ оларда ешқандай проблема болған емес, бәрін ұқыпты, тиянақты қорғаған", - дейді ол.

- Қандай мәселелер бар?

"Кесене негізі әу баста көк болмаған. Сарғылт түсті болған. Кәдімгі сары кірпіш тәрізді. Кейін қалай көкпен қаптады, барлық мәселе содан басталды. Негізі Яссауи кесенесінің құрылысы о баста бітпей қалған. Жоба бойынша, көк күмбездің үстінен тағы бір күмбез салынуы керек болған. Сол астыңғы мен үстіңгі күмбездің арасы 16 метр болуы керек. Ауа өтетіндей ашық, жел өтетін қуыс салынуы тиіс. Сол үстіндегі салынбай қалған күмбездің орнына біздікілер астыңғы күмбезді көк шыны глазурмен қаптап тастаған. Содан бастап кесене күмбезінің ауа айналымы бұзылды. Екіншіден сол күмбездің төбесі 334 миллиметр кеңдікте ашық болған. Кеңес реставраторлары келген де әлгі тесікті жуан бөренемен бітеген. Үстінде тұрған мыс құманның ішіне бетон құйған. Басында білген жоқпыз, кейін анықтағанда айтқанымызға ешкім құлақ салған жоқ. "Күмбездің сталакитері бір күні құлайды" дедім, расында көп ұзамай құлады. Таразыға тартқанда құлап түскен сынықтың салмағы 400 келі болды. Оны күнге кептіріп, қайта өлшеп едік, 150 келі шықты, демек 250 келі артық су жиналып, содан құлаған. 1983 жылғы 8 қаңтарда ақыры арнайы жиналмалы сатымен күмбезге жұмысшыларды шығардық. Өте бір үлкен тәуекел болды, мүлт кетсек не біреу біреу майып болуы, немесе күмбезді құлатып алуымыз әбден мүмкін еді. 17 адам араласып жүріп, не керек, жұмысты бітірдік. Бірақ сәл болмағанда жуан ағаш төбедегі жігіттерді ұшырып жібере жаздады. Айналып келгенде, мәселенің бәрі кесенені музей жасаудан басталған. Ішін жылытып, адамдар кіргіземіз деген. Тесіктерінің бәрін сол үшін бітеген. Сыртын пленкамен қаптаған. Ешқандай сараптамасыз. Бұдан соң ауа айналымы қалай болсын? Қамауда қалған ылғал ауа амал жоқ сталактиттерге барып сіңеді баяғы. Содан оның салмағы артып, ауырлай береді. Шегіне жеткенде құлайды.  "Қазқайтажаңғыртуға" жүз айттым, жүзінде де міз бақпады. Соған қарап, кейде ойлаймын, Яссауи кесенесі бизнес орны ретінде ғана керек пе деп. Осылай бір шеті кетсе, үндемей отыра береді, шегіне жеткенше, себебі неғұрлым көбірек қираса, көбірек ақша бөлінеді. Меніңше солай, әйтпесе одан басқа "Қазқайтажаңғыртуды" ақтайтын дерек таппадым. Қала берді 1993-95 жылдары түрік ағайындар жөндеу жүргізгенде, кесене түбіне 14 метр бетон құйған да, қарақағаз төсемей, яғни, гидроизоляция жасамай, бетон құйған. Мұны өз көзіммен көргенде, көзімнен жас ыршып кетті. Қазір қартайдым, сондықтан шамам тек "бабамыздың кесенесі құлап қалмай, аман тұрса екен, әйтпесе күллі әлемге масқара боламыз" деп Құдайдан тек тілеуге келеді", - дейді ол.

Айта кетейік, депутат Мақсат Толықбай өз сауалында премьер-министрдің орынбасарынан кесененің айналасындағы сапасыз, олқылықтары көп құрылыстарды кешіктірмей реттеуді, оған қажет қаражатты бөліп, жұмыстың орындалу барысын әр тоқсан сайын AMANAT фракциясының алдында баяндап, есеп беруін сұрады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!