Астанада әйелін балконнан итеріп жіберген ер адамға сот үкім шықты

Астанада әйелін балконнан итеріп жіберген ер адамға сот үкім шықты

Астанада Алматы ауданының №2 соты отбасылық жанжалдан кейін жұбайын балконнан итеріп жіберген ер адамға айыптау үкімін шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қалалық соттың мәліметінше, ер адам мас күйінде үй ішінде жанжал шығарып, әйелін ұрып-соққан және тұншықтырып, балконның терезесінен шығарып, 2-қабаттан лақтырып жіберген.

"Салдарынан әйелдің денсаулығына ауыр зақым келген. Ер адам өз кінәсін мойындады, оны жәбірленушінің айғақтары мен сот сараптамасы қорытындысы және істің басқа материалдары да растады", - делінген хабарламада.

Прокурор айыптауды қолдады.

Сот қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының шын жүректен өкінгенін назарға алды.

Одан бөлек, мас күйінде қылмыс жасауды ауырлататын жағдай деп таныды.

ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігінің санкциясы (денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) 3 жылдан 8 жылға дейін бостандықты шектеу немесе айыру түріндегі жазаны көздейді.

Сот үкімімен ер адам денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Г. Досымшалова