"Әркім өз пәтерін алады". Әкімдік "Дублин" және "Вашингтон" тұрғын үй кешендеріне қатысты мәлімдеме жасады

"Әркім өз пәтерін алады". Әкімдік "Дублин" және "Вашингтон" тұрғын үй кешендеріне қатысты мәлімдеме жасады
Фото: 2gis.kz

Астана әкімдігі "Дублин" және "Вашингтон" тұрғын үй кешендеріне қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Дублин" тұрғын үй кешенінің құрылысы рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген. Шыңғыс Айтматов пен Жұбан Молдағалиев көшелерінің қиылысындағы жер алдын ала анықталып, жылу трассасының құрылысына бөлінген. Осыған байланысты бұл учаскедегі құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Орнатылған қадалар демонтаждалып, рұқсат етілген жерге ауыстырылады. Құрылыс компаниясымен шарт жасаған азаматтардың мүдделері сақталып, әркім өз пәтерлерін алады", - делінген хабарламада.

Ал "Вашингтон" тұрғын үйі бойынша құрылыс компаниясына жіберілген ақауларды жойып, барлық қажетті рұқсат құжаттарын ресімдеу тапсырылған.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде ауыр техникалардың бірін-бірі аударып жатқан видеосы пайда болған еді. Артынан бұл оқиғаның Астанада болғаны белгілі болды.

Заңсыз тұрғызылған "Дублин" тұрғын үй кешенін сүруге барған жұмысшыларға құрылыс компаниясының мамандары кедергі келтірген болып шықты.

Астана әділет департаменті басшысының орынбасары Азамат Бердібеков заңсыз тұрғызылған тұрғын үй кешеніне қатысты сот үкімі міндетті түрде орындалатынын мәлімдеп, "Дублин" тұрғын үй кешені ғана емес, бұл компанияға тиесілі заңсыз салынған "Вашингтон" тұрғын үй кешені де сүрілетінін айтқан еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан