Жаңаөзендегі жарылыс: науқастардың жағдайына қатысты жаңа дерек шықты

Жаңаөзенде жарылыстан кейін үйінділер астында ұзақ уақыт жаншылып қалған науқас Ақтаудағы ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Жаңаөзеннің көпбейінді аурухана директоры Серік Асқаров айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде жарылыс кезінде денесінің 70 пайызын күйік шалған науқас та бар. Дәрігерлер екеуіне де қолдан келетін көмекті көрсетіп жатқандарын айтты.

Ал денесін күйік шалып, омыртқасы сынған 23 жастағы әйелдің денсаулығы жақсарып келеді. Медицина қызметкерлерінің айтуынша, оған бұдан былай жасанды тыныс құрылғысы қажет емес, қазір ол өз бетінше тыныс алады. Сонымен қатар, дәрігерлердің сұрақтарына да жауап берді. Ал жансақтау бөлімінде жатқан тағы бір науқастың жағдайы әзірге ауыр.

Жарылыстан зардап шеккен екі қыз бала мен бір ер адамның жағдайы тұрақталды. Оқушы қыздарға психолог маман көмек көрсетті.

Еске салайық, оқиға 17 сәуірде таңғы сағат 5 шамасында (Астана уақытымен) Жаңаөзен қаласындағы 2-шағынауданда екі кіреберістен тұратын 12 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйде болған. Алдын ала болжам бойынша газ жарылғаны хабарланды. Ал салдарынан 150 шаршы метр кіреберіс қираған.

Айта кетейік, бұған дейін Жаңаөзен қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде газ жарылып, салдарынан 11 адам зардап шеккені хабарланған болатын. Сондай-ақ, құтқарылғандарды және медициналық көмекке жүгінгендерді қосқанда барлығы 8 адам ауруханаға жатқызылған еді. Ал кейін Жаңаөзендегі жарылыс кезінде зардап шеккендердің бірі жүкті әйел екені айтылды. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңаөзендегі жағдайға қатысты пікір білдірді. 

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!