Жамаубаев Астанадағы Назарбаев ашқан зәулім мешітті кім қаржыландыратынын айтты

Қаржы вице-министрі Ерұлан Жамаубаев Нұрсұлтан Назарбаев ашқан Орталық Азиядағы ең үлкен мешітке қаржы Астана бюджетінен бөлінетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Press.kz-ке сілтеме жасап. 

Журналистер Ерұлан Жамаубаевтан ең үлкен ғимаратқа жөндеу жұмыстары кімнің есебінен жүргізіліп жатқанын сұрады. Бұған дейін мешітке экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен оның кеңсесі демеушілік жасаған деген қауесет тараған болатын.

"Менің білуімше, бұл мешіт Астананың жергілікті бюджетінен қаржыландырылады, сондықтан солардан сұраңыз. Жергілікті мешіттерді ұстауға республикалық бюджеттен ақша бөлмейміз", - деді министр.

Былтыр 12 тамызда Астанада Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылды. Оны Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Мешіт жер телімінің ауданы - 10 гектар. Үлкен күмбездің биіктігі - 83,2 метр, диаметрі - 62 метр. Мешітте төрт мұнара бар. Әрқайсысының биіктігі - 130 метр. Бұған дейін мешіт құрылысына Назарбаевтар әулеті мен еліміздің басқа да элитасы қаржы бөлгені хабарланды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!