Жүргізушілерге құрма таратып жүрген. 15 жастағы алматылықты көлік қағып өлтірді

Алматыда 15 жастағы жасөспірімді көлік қағып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап. 

Видеотіркегіш жасөспірімді көлік қағып кеткен сәтті түсіріп алған. Кадрлардан оның жолды кесіп өтуге болмайтын жерден жүгіргенін көруге болады. Осы уақытта оң жақтағы автобус жолағында жеңіл көлік келе жатқан, ол жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

Оқиға 18 сәуірде кешкі сағат 19:45 шамасында Абай даңғылында Жетісу-3 шағынауданына қарама-қарсы жерде болған.

"Toyota Camry жүргізушісі кесіп өтуге болмайтын жерден өтіп бара жатқан жасөспірімді қағып кетті. Оқиғадан бір сағат бұрын жасөспірім ауызашарға үлгермеген жүргізушілерге құрма мен су таратты. Оның алдында үлкен мақсаты болды, талантты ойыншы еді", - деді марқұммен бірге футбол клубында жаттыққан танысы. 

Ескеріңіз, видеода балағат сөздер бар!

Полиция бұл деректі растады.

"1998 жылы туған жүргізуші Абай даңғылының бойымен батыс бағытта келе жатып, 2007 жылы туған кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кетті, ол жолдың солтүстік бағытын белгіленбеген жерден кесіп өткен. Нәтижесінде әртүрлі жарақаты бар жаяу жүргінші ауруханаға жеткізіліп, кейін қайтыс болды", - деді қалалық Полиция департаменті өкілі.

Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша тіркелген. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!