"Бәрі - өтірік". Қазақстандық рэпер Jah Khalib концерттерін өткізбеу туралы айтылған мәлімдемеге үн қатты

"Бәрі - өтірік". Қазақстандық рэпер Jah Khalib концерттерін өткізбеу туралы айтылған мәлімдемеге үн қатты
Фото: Instagram

Ресейде қазақстандық рэпер Jah Khalib (Бахтияр Мамедов) Мәскеу мен Санкт-Петербургтегі концерттерін тоқтату ұсынылған болатын. Әнші осы жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін Мемлекеттік дума депутаттары Яна Лантратова мен Виталий Милонов әншінің әлеуметтік желідегі жазбасынан мысал келтіріп, "Украина қарулы күштерін ашық қолдағаны" үшін оның концерттерін өткізбеуге шақырған болатын. Ал рэпердің сөзінше, кейінгі кезде дау туғызған бұл жазбасы бір жыл бұрын жазылған.

"Діттеген жердеміз. Киевтеміз. Аман-сау, дүрбелең туғызған жоқпыз. Біз ешқайда бармаймыз. Украиналықтар, сіздерді енді тек жақсы көрмеймін, таңданамын", - деген екен ол.

Рэпер қазір Қазақстанда тұратынын әрі Ресейге қатысты жаман ниеті жоқ екенін айтты.

"Кейінгі күндері мен туралы оқығандарыңыздың бәрі - өтірік. Менің дау туғызған сторисім бір жыл бұрын жарияланды. Бұл қиын сәтте өз бастарын қатерге тігіп, менің және жүктіліктің сегізінші айындағы әйелімнің бомбадан қорғанатын жерден эвакуациялануымызға, Қазақстанға аман-есен жетуімізге көмектескен Украинадағы қарапайым адамдарға арналған ризашылық сторисі болды. Аллаға шүкір, дені сау қызым дүниеге келді. Бір жыл уақыт бойы туған қалам Алматыда тұрып жатырмыз. Менің барлық командам - Ресей азаматтары, Ресейде тұрады. Менің тыңдарманымның көп бөлігі Ресейде тұрады. Мен жақсы көңілмен әрқашан Ресейге барып тұрамын, қуана-қуана концерттер беремін, сұхбаттарға барамын, радиостанцияларға шығамын. Бұл менің Ресей халқына деген  жақсы қарым-қатынасымды көрсетеді", - деп жазған әнші.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Jah Khalib (@jahkhalib)

Айта кетейік, "Справедливая Россия" партиясының депутаты Яна Лантратова Ресей билігінен рэпердің "соғысқа қарсы айтқан сөздеріне" қатысты Мәскеудегі концерттерін болдырмауды ұсынған болатын. Бұл туралы ол Telegram-арнасында айтты. 

Сондай-ақ, қазақстандық рэп орындаушы 23 сәуірде Мәскеудегі Crocus City Hall және 25 сәуірде Санкт-Петербургте концерті өткізуі керек болған. 

Еске салайық, бұған дейін Ресейде қазақстандық рэпер Jah Khalib-тің концерттерін болдырмау ұсынылғаны хабарланған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова