"Қазақстандық аватарлар". Қызылшамен ауырған отбасы желіні тәнті етті

ТikТok әлеуметтік желісінде бүкіл отбасы қызылшамен ауырған ролик тез арада танымал болып, миллионнан аса қаралым жинаған. Көрермендер бұл видеоға әртүрлі реакция білдіріп, олардың жап-жасыл түрлеріне қарап "аватарлар" деп жатыр. Мassaget.kz порталының тілшісі отбасы мүшелері және балалардың анасы Айжан Еселбаевамен тілдесті.

"Алдымен үш жастағы балам балабақшадан ауырып келді. Көп өтпей бір жастағы  қызыма жұқтырды. Содан кейін 6 жастағы және 8 жастағы балаларым, 19-дағы қайын сіңлім ауырды", - дейді балалардың анасы.

Айжан Еселбаева балаларына бұрын қызылшаға қарсы вакцина егілгенін айтады.

"Бұрын ауырмаған еді. Бірақ барлығы вакцина алған. Сонда да ауырып жатыр. Хадиша деген қызым 1-де. Жақында ғана вакцина салдырдық. Бірақ ол да ауырды",  - дейді Айжан.

Айжан бұрын ауырғандықтан қызылша жұқпаған. Қазір балаларының жағдайы қалыпты екенін айтады.

"Алғашқы күндері қызуы көтеріліп, денесі бөртіп кетті. Бірақ дәрігерлер қажетті ем-дом жасады. Дәрілер тізімін берді. Қазір сол бойынша емделіп жатыр. Жағдайлары бірқалыпты, жақсы. Карантин режимі енгізілді. Қазір бәрі үйде", - дейді анасы.

@brturliqyz #безхештегов ♬ orijinal ses - omerkaantkm

19 жастағы Қарлығаш Бүркітбай отбасындағы мүшелері қызылшамен ауырғаннан кейін бұл жағдайды tik-tok әлеуметтік желісіне салғанды жөн көрген. Қысқа ролик тез арада танымал болып, миллионнан аса қаралым жинаған.

"Видеоны қызық үшін салдым. Бұлай танымал боп кетеді деп ойламадым. Адамдар "аватарлар" дегенді көп айтып жатыр. Жас кезімде вакцина алғанмын, бірақ ауырмаған екенмін. Үйдегі іні-сіңілдерімнен жұғып енді ауырып жатырмын. Өзім ТарГУ-де студентпін, қызылшаға байланысты үйде отырмын", - дейді ол.

@brturliqyz #ветрянка #безхештегов ♬ оригинальный звук - ??

Қарлығаш сауығып кеткеннен кейін де tik-tok әлеуметтік желісін жүргізуді жалғастырамын деп отыр.

"Аурудан айыққасын да әлеуметтік желіні ары қарай жүргізуді жалғастырамын. Бірақ қандай тақырыпта жүргізетінімді әлі шешпедім", - дейді ол.

Айта кетейік, қазір елімізде қызылша ауруы өршіп тұр. Қызылша кезінде инфекция көзі ауру адам, вирус ауа-тамшы жолымен беріледі және өте жоғары жұқпалылығымен ерекшеленеді.

Қызылша ауруы байланыста болған, осы инфекцияға қарсы иммундық қорғанышы жоқ адамдарға тез жұғады. Қызылшамен ауырмағандар, екпе алмағандар немесе бір рет екпе алғандар аурудың жоғары қаупіне ұшырайды. Қызылша жасы бойынша вакцинациялауға жатпайтын 1-5 жасқа дейінгі балалар үшін ерекше қауіпті.

Әсіресе Алматыда бұл ауру өршіп тұр. Қазір 100-ден аса жағдай тіркелген.

ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Нұршай Әзімбаева қызылша сырқаттанушылығынан қорғалудың жалғыз тиімді жолы вакцинациялау екенін айтады.

"Қызылшаға қарсы құрама вакцина (қызамыққа және паротитке қарсы екпе) – ҚҚП вакцинасы қолданылады. Бұл вакцина Үндістанның "Серум институт" компаниясымен шығарылады, әлемде танылған, тиімді және қауіпсіз вакцина. Зерттеулерге сәйкес, бірінші егу кезінде – 69-81%, ал толық вакцинациядан соң 95% иммунитет қалыптасады", - дейді ол.

Вакцинациядан кейінгі иммунитеттің ұзақтығы кем дегенде 20 жыл, кейбір мәліметтер бойынша – өмір бойы сақталады.