Ысылдаған дыбысы естіледі: Түркістанда кітапхананы жылан жайлап алған

Ысылдаған дыбысы естіледі: Түркістанда кітапхананы жылан жайлап алған

Түркістан облысына қарасты Сауран ауданының Ораңғай ауылдық округінде "Құсшы ата" дейтін елді мекен бар. 1664 тұрғыны бар аядай ауылда сонау өткен ғасырда, яғни 70-жылдары салынған кітапхана бүгінде құлаудың алдында тұр, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сырттай қарағанда, құдды қараусыз қалған ғимарат секілді, себебі іргетасы әбден мүжіліп, біткен. Қабырғалары қақырап, құлаудың сәл-ақ алдында тұр. Шатыры да тозған, төбеден жаңбыр суы аққан. Қысқасы, қазіргі сиқы дәл осындай ауылдағы мәдениет, руханият ошағының соңғы рет қашан жөндеу көргені белгісіз. Әйтсе де, оған күнде ел кіріп-шығып, кәдімгідей жұмыс істеп тұр. Себебі онда 15 мыңға жуық кітап қоры көздің қара­шығын­дай сақталып, оқырмандарға ұсынылып келеді. Және осындай халде тұрғанына қарамастан, ауыл халқының жартысы осы жерден кітап оқуға құмбыл.
Бірақ соңғы кездері мұнда бір қорқыныш елесі кезіп жүр. Жұмысқа тұрғанына 6 ай болған Мәдина Берістемова кітапханашыдан жұмысты қабыл­дап алғанда ғимаратта жылан бар екенін естіген. Ол сақ болуын ескертіп кетіпті. Содан бері күн сайын жанына айран мен ұн қойып, есікті ашып отырады.

"Өзім келгелі әлі жылан көрмедім. Қыстыкүні пеш жағылады. Қазір сол тым-тырыс пеш кейде тықырлап кеткендей болады. Жақында күн жылына бастағанда кітап сөрелерінде жылан жүргендей ды­быс естілді. Тіпті, тарс етіп жерге құла­ғандай болды. Барып көруге жүрексіндім. Бірақ мұнда жылан бары туралы жиі естігендіктен үнемі елеңдеп, қорқып отырамын", – дейді жас кітапханашы үні дірілдей.

Ең қорқыныштысы, мұнда тұрғындардан бөлек, жақын маңдағы мектептен оқу­шы­лар да жиі келеді екен. Олар сұраған кітап­тарды ішкі бөлмеге балалармен бірге кіріп алып береді.

"Ортадағы есік ашық тұрады. Жылан көріне қалса, тез арада қашып шы­ғуға барынша ыңғайлап қойғанбыз. Бала­ларға білдірмеуге тырысамын", – дейді ол.

 Ал осында 20 жылға жуық жұмыс істеп, зей­неткерлікке шыққан Гүлжәмила Ади­лова сан мәрте жыланмен бетпе-бет келгенін айтады.

"Талай рет кездестірдім. Жаздыгүні тіпті есіктің алдында күнге қыздырынып жатқанын өз көзіммен көрдім. Кітаптардың үстінде жатады. Бірде оқырманым қажетті кітабын көруге ішке кірген болатын. "Жылан" деген жан дауысы шықты, ішке жүгіріп кірсем, дәл ортада үлкен бір жылан оратылып жатыр. Тіпті, зейнеткерлікке шығайын деп отырған күні де алдымнан шықты. Қорыққанымнан қашамын деп құлағаным есімде. Менен бұрын жұмыс істеген Еркінкүл апаның кезінде тіпті көп болған екен", – дейді Гүлжәмила апа.


Ал Еркінкүл әжей кітапхана бастапқыда монша болғанынан, монша пеші жыланға толып тұратынын еске алды.

"Кітапханада жалақысыз жұмыс істеген күндеріміз де болды. Жалақының орнына ұн, басқа да азық-түлік беретін. Жыланнан қорықсақ та жұмыс істеп жүре бердік. Үнемі айран әкеліп қоятынмын. Бірақ айран қатып қалып жүрді, сосын ауыл әжейлерінің кеңесімен ұн әкеліп қоюды әдетке айналдырдым. Бір жылдары көрші тұрған пошта қызметкері кітап­ханаға екі кірпі кіргізіп жіберді. Сол кез­дері біразға дейін жылан да көрінбей қа­лып еді. Кейін қайта шықты ғой. Әкімдік қызметкерлері де білетін", – дейді Гүл­жәмила апай.


Демек, мұнда жыланның болуына ғимараттың бұрын монша болғаны да себеп болуы мүмкін. Бұл аймақ дымқыл жерді ұнататын жәндіктің ордасы болуы да ғажап емес. Одан бөлек, жоғарыда айтқанымыздай, кеміргіштер мен құстар­ды қорек ететін жыланға кітапхана жайлы орта да шығар. Кітапханашы Мәдина Берістемова мұнда кеміргіштердің қата­ры­на кіретін тышқанның болуы мүмкін­дігін жоққа шығармады. Тікелей көрме­генімен, тышқанның өзіне тән иісі шығып тұрады.

Бір қызығы, қанша жерден төбеден суы өтіп, қабырға көгерсе де, кітаптар сол күйі тап-таза, бүлінбеген. Мұндайда «Қырық жыл қырғын болса да..» дейтін тәмсіл еске түседі екен. Жыланды да, тышқанды да, бүгінде жаңбырдың суын да көріп келе жатқан кітаптар сол күйі өңін бермей тұр.
Жөндеуге келмейтін ауыл кітапхана­сының жайы, болашағы туралы Сауран аудандық орталықтандырылған кітапхана директоры Құндызай Нәлшеевадан сұрағанда:

"Өкінішке қарай, кітапхананың қашан қайта салынатыны белгісіз. «Ұсы­ныс берілген, бірақ жергілікті билік тара­пы­нан әзірге сүйінші хабар естілмейді», - деп қысқа қайырды.


Зерттеулер көрсеткендей, жыландар көктем мен жазда белсендірек болады екен. Күз, қыс мезгілінде тыныш жататын жәндіктер секілді олар да күн жылына жер бетіне шыға бастайды. Демек, кітапхана­шының нағыз қорқынышты күн­дері басталды деген сөз.


Түркістан облысы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы