LRT құрылысы қашан аяқталатыны белгілі болды

LRT құрылысы қашан аяқталатыны белгілі болды
Фото: Тұрар Қазанғапов

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысына LRT құрылысының қашан аяқталатынын жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі

Әкімнің айтуынша, астаналықтарды алаңдатқан маңызды жоба алдағы 2 жылдың ішінде бітуге тиіс.

"LRT-нің бірінші іске қосу кешенінің құрылыс жұмыстары қайта жанданып жатыр. Жобаны 2 жылдың ішінде аяқтауды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, биыл ұзындығы 55 шақырым болатын 72 көшеге құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргіземіз және Тәуелсіздік көпірі құрылысын аяқтаймыз", - деді Жеңіс Қасымбек.

Оның мәліметінше, биыл қаланың ішінде және айналасындағы жасыл белдеуде миллионға жуық жасыл желек отырғызылады. Жыл басынан бері 733 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Бұл былтырмен салыстырғанда 22 пайызға артық.

"Жыл аяғына дейін барлығы 3 миллионнан аса шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуі керек. Бұл - 40 мыңнан аса пәтер, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мемлекет бөлген 6 мың пәтер бар. Сонымен қатар, биыл "Нұрлы жер" бағдарламасының екінші кезеңі аясында салынып жатқан барлық проблемалық үлестік нысанды аяқтап, пайдалануға береміз", - деді әкім.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек