Бұл жердегі өмір басқаша - Грузияда кәсібін дөңгелетіп жүрген қазақстандықтар

Бұл жердегі өмір басқаша - Грузияда кәсібін дөңгелетіп жүрген қазақстандықтар

Грузияның Батуми қаласында қазақстандықтар көптеп жүреді. Олардың бірі косметолог болса, енді бірі массаж жасаушы немесе жаттықтырушы. Басқа кәсіпті де дөңгелетіп жүргендер бар. Tengrinews.kz тілшісі қаладағы қазақстандықтармен тілдесіп, олардың кәсібі туралы сөйлескен. 

Торт пісіруші Алида: "Бастысы - өз ісіңді жақсы көру, ал табыс туралы артынан ойлауға болады"

Алида Дюсенова бес жыл бұрын Қапшағайдан Батуми қаласына көшіп кеткен. Ол Қазақстанда бес жылдай ойын, казино бизнесінде жұмыс істеген. 

"2018 жылы әріптестерім Кипр, Армения немесе Грузия секілді шет елдерге кете бастады. Маған қандай да бір казиноға құжат толтырып жіберіп, жауап күту керек болды. Ағылшын тілін білу деңгейім аса жоғары болмаса да тәуекелге бел будым. Батумиге шақырту алдым. Жұмыс Қазақстанмен салыстырғанда қиынырақ болды. 

Ең басты айырмашылық - Қазақстанда казиноға кіру үшін 500 және 1000 доллар аралығында ақша төлеу керек. Контигент те соған сай болады. Ал бұл елде казинолар демалыссыз жұмыс істейді. Мөлшерлеме де аз. Бастапқыда қатты таңғалатынмын, қазір үйреніп кеттім", - дейді қазақстандық қыз.  

Алиданың сөзінше, жергілікті казиноларда жұмыс істеу үшін түрік тілін білу маңызды, себебі келетін ойыншылардың көбі Түркия азаматтары екен. 

"Қазақ және түрік тілдері ұқсас келетіндіктен үш айдың ішінде түрік тілін үйреніп алдым. Бастапқыда бір жыл жұмыс істеймін деп келісімшарт жасағанбыз. Артынша бұл жер ұнағандықтан мерзімді создырдым", - дейді Алида.  


Фото: instagram alida_dd

Артынша Алида тәтті пісіруді қолға алған. Оған себеп - пандемия. 

"Пандемияда барлық казино жабылып қалды және ұзақ уақыт бойы жұмыс істемеді. Бір жарым жылдан кейін қайтадан шақырту алдым, бірақ белгілі бір уақытта жұмыс істеуден шаршағандықтан бас тарттым. Тәтті пісірумен біртіндеп айналыса бастадым. Бастапқыда сүйіктіме, құрбыма ғана пісіріп жүретінмін. 

Артынша өзім де коронавируспен ауырып қалдым. Ұзақ емделдім, депрессияға түсіп, ештеңе ойлай алмадым. Сол кезде бенто-торттар туралы суреттер көре бастадым. Сол кезде оларды өзім пісіріп көргім келді", - дейді қазақстандық қыз.  

Осылайша Алида жергілікті тұрғындардан тапсырыстар ала бастаған. Бүгінде ол күніне кемінде 2-3 торт жасап, кәсібін дөңгелетіп жүр. 

Ресторатор Елнұр: "Бұл жерде бизнесті қалай жасау керегін көрсетіп жүрміз"

Елнұр Бақбергенов ата-анасымен Батумиге Алматыдан көшіп келген болатын. Ол қазақстандықтарды жылы қарсы алатынын айтады. 

"Неге екенін білмеймін, бірақ қазақстандықты көрсең қасына келіп, амандасқың келіп тұрады", - дейді Елнұр. 

Оның сөзінше, Елнұр Батумиге көшер алдында Ақтауда ұшқыш мамандығында білім алуға мүмкіндігі болған.  

"Оқуға түсе алмадым, себебі маған "ақша әкел, біз сені оқуға түсіреміз", - деп тура айтты", - дейді қазақстандық жігіт.

Артынша Елнұрдың ата-анасы "Плов. Лагман" атты мейрамхана ашқан, кейіннен наубайхана да ашқан. 

"Анам түрлі тоқашты дәмді етіп пісіреді. Әзірге енді дамып келе жатырмыз. Бірде ас мәзірін өзгертеміз, басқа нәрсені көріп, тәжірибе жасап көреміз", - дейді Елнұр. 

Елнұр мейрамханасында тек қазақша әндер қойылатынын айтады. 

"Қазақ тіліндегі әндерге қатысты жалған ой қалыптасқан. Бірақ, мысалы Дархан Джуздың әндері қазақ тіліндегі музыка өте әдемі екенін көрсете білді. Мен оның әндерін қойған кезде көп адам қызығып, келіп, ән туралы сұрай бастайды", - дейді қазақстандық жігіт.  

Сонымен қатар, Елнұр қызметкерлері туралы айтты. 

"Даяшы ретінде тек қазақтарды алу деген қатып қалған ой жоқ. Түрлі елден келген қызметкерлеріміз бар. Кейде өзім де даяшы болып жүремін. Бірақ тағы қызметкерлерді алатын болсам, екі адам келіп, оның бірі Қазақстаннан болса, әрине мен сол адамды таңдаймын", - дейді Елнұр.  

Туристік фирманың негізін қалаушы Самал: "Бұл жерде ешқайда асықпайсың"

Қазақстандық Самал Тоқболатова да Алматыдан отбасымен көшіп келген. 

"Қазақтар - қонақжай халық, бізде бірден үйреніп кететін, жоқтан бар жасап, табыс таба алатын қабілет бар. Үнемі әрекет, тіршілік етіп жүреміз. Бірақ бұл елге көшкен кезде "вайбты" түсініп, ешқайда асықпайсың. Қазақстанда таңғы алтыда тұрып, асыға бастайтынмын. Балаларды тез киіндіріп, кептелістен өтіп, мектепке жетеміз. Ал бұл жердегі өмір басқаша. Сабақ 09.00-09.30-да басталады, мектеп жақын, балалар электрсамокатпен қатынайды", - дейді Самал. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина