Балқашта 65 жастағы зейнеткер үйін бөтелке қақпағымен безендірген

Балқашта 65 жастағы зейнеткер үйін бөтелке қақпағымен безендірген
Фото: Видеодан алынған кадр

Қарағанды облысы Балқашта ерекше өнер иесі тұрады. 65 жастағы Юрий Воробьев үйінің кіреберісін пластиктерден жасалған қақпақтармен безендіріп қойған. Шебердің бұл істі ермек етуінің себебі де қызық, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Қазақстан" телеарнасына сілтеме жасап. 

Екі қабатты тұрғын үйдің кіреберісі ертегі әлеміндей. Мұнда қабырғалар мен еденде түрлі ертегі кейіпкерлерін, аң мен құстардың бейнесін көруге болады. Мұның барлығы да түрлі-түсті қақпақтармен жасалған. Тұрғындар жылда дәлізді сылап әуре болмайды. 

"Юра ағай бар, өзіміз осы көршілер тату-тәтті өмір сүреміз, қақпақтарды бірге жинаймыз. Оны лақтыру дегенді білмейміз, әкеліп береміз. Ол кісі барлығын істей алады ғой. Үйге қонаққа келсе, подъезді көріп, қызығып суретке түседі, әлеуметтік желіге салады", - дейді Балқаш қаласының тұрғыны Әлібек Тасболатов. 

Юрий Воробьевтың бұл үйде тұрғанына 20 жылдан асып кеткен. Кіреберісті безендіру үшін 60 мың қақпақ кеткен. Оған зейнеткер 4 жыл уақытын арнаған.

Шебер әр жұмысын асқан ықтиятпен істейді. Қақпақтарды нейлон жіпке тізбес бұрын алдымен сызба нұсқаларын дайындап алады. Оның пәтерінде қақпақтардан жасалған ерекше төсеніштер бар. Бірқатарын тапсырыс берген адамдарға таратқан.

"Зейнетке шыққан кезім пандемияға тұспа-тұс келді. Карантинде ішім пысқан соң, пластик бөтелкелердің қақпақтарын жинап, олардан суреттер, композициялар жасай бастадым. Бұрын жергілікті комбинатта дәнекерлеуші болып жұмыс істедім. Мен электр жүйесін, сантехниканы да өзім жөндей беремін. Жас кезімде ағаш оюмен айналысқанмын", - дейді Балқаш қаласының тұрғыны Юрий Воробьев. 

Балқаштық шебер жұбайымен екеуі серуенге шыққанда қақпақ жинауды әдетке айналдырған. Оған көршілері мен достары да көмектеседі. Зейнеткер өзінің ермегін "қала тазалығын сақтауға титімдей болса да үлесім" деп санайды. Бүгінде Юрий Воробьев тұратын үйді жұрт жақсы біледі. Тіпті, оның ерекше қол туындысын көруге арнайы келіп, суретке түсіретін адамдар да көп.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек