"Күйеуі жарылыста қайтыс болған". Жаңаөзенде зардап шеккен жүкті әйел баласынан айырылып қалды

"Күйеуі жарылыста қайтыс болған". Жаңаөзенде зардап шеккен жүкті әйел баласынан айырылып қалды
Фото: "Астана" телеарнасы

Жаңаөзендегі тұрғын үйдегі жарылыстан зардап шеккен әйел жүктілігін сақтай алмады. 23 жастағы науқас тұңғышын күтіп жүрген, ол жүктіліктің төртінші айында болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, әйел бұған дейін күйеуі мен қайын енесінен айырылған, олар үйінді астынан өлі табылған. Кейінгі тәулікте ол күрделі екі операциядан өткен.

"Өкінішке қарай, плацентаның ерте бөлінуі басталды, сондықтан баланы құтқара алмадық, оның омыртқасына екінші операция жасалды", - деді Жаңаөзен қаласының көпсалалы ауруханасы директорының орынбасары Раушан Жапарова.

Аман қалған әйелдің жанында жансақтау бөлімінде оның қайын атасы да жатыр, ол да ауыр жағдайда. Тағы үш зардап шеккен адам травматология бөлімінде. Олар - екі оқушы және зейнеткер. Психологтар балалармен жұмыс істеп жатыр. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Айта кетейік, оқиға 17 сәуірде таңғы сағат 5 шамасында (Астана уақытымен) Жаңаөзен қаласындағы 2-шағынауданда екі кіреберістен тұратын 12 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйде болған. Алдын ала болжам бойынша газ жарылғаны хабарланды. Ал салдарынан 150 шаршы метр кіреберіс қираған.

Еске салайық, бұған дейін Жаңаөзен қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде газ жарылып, салдарынан 11 адам зардап шеккені хабарланған болатын. Сондай-ақ, құтқарылғандарды және медициналық көмекке жүгінгендерді қосқанда барлығы 8 адам ауруханаға жатқызылған еді. Ал кейін Жаңаөзендегі жарылыс кезінде зардап шеккендердің бірі жүкті әйел екені айтылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова