Екібастұз әкімдігі "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС-ін сотқа берді

Екібастұз әкімдігі "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС-ін сотқа берді
Фото: instagram.com/ete_ekb

Екібастұз әкімдігі "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС-ін сотқа берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Азаматтық іс облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралып жатыр. Қала басшылығы апат салдарын жоюға бөлінген қаржыны кәсіпорыннан өндіріп алмақшы.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 2022 жылғы 28 қараша мен 8 желтоқсан аралығында Екібастұз ЖЭО мен жылу желілеріндегі апатқа байланысты қалада техногендік төтенше жағдай жарияланған.

"Оның салдарын жою үшін жергілікті бюджеттің төтенше резервінен 22 миллион теңгеден аса қаражат бөлінді. Ол жанар-жағармай, ыстық тамақ, жататын орынмен қамтамасыз ету үшін кетті", - деп жазды Pavlodarnews.kz.

Қалалық прокуратураның ұсынысы бойынша кәсіпорынға аталған шығындарды өтеу туралы талап арыз жолданған.

"Екібастұзтеплоэнерго" ЖШС материалдық шығынды өтеуден бас тартты. Қалалық әкімшілік сот процесі аяқталмағанын хабарлады", - деп жазады басылым.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан