Өңірлердегі қарлы бораннан бірнеше ауыл жарықсыз қалды

Өңірлердегі қарлы бораннан бірнеше ауыл жарықсыз қалды
Фото: Видеодан алынған кадр

 Еліміздің бірнеше өңірінде қалың қар түсіп, алай-дүлей боран болып, кей жерлерде қар аралас жаңбыр жауды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап. 

Қарағанды облысында жолдар көк мұзға айналып, жол апаты жиілеген.

Ал Ақтөбе облысында боран соғып, дүлей дауылдан электр бағаналары құлап, 50 шақты ауыл жарықсыз қалды. Ақмола облысында республикалық маңызы бар жолдар жабылып, түнде 20 градусқа дейін суытты.

Ақтөбе облысында екі күн қатарынан ақтүтек бораннан жолдар жабылып, қатынас тоқтады. Жолда қалған он шақты көлікті құтқарушылар діттеген жеріне жеткізген. Облыс орталығында көктайғақтан жол көлік апаты көбейген. Қазір бұл өңірде елуден аса ауыл жарықсыз отыр. Дүлей дауыл электр бағаналарын құлатып, желілерді үзіп кеткен. Мұндағы желдің екпіні секундына алпыс метрге дейін жетті.

"Қыста ондай қатты жел болған жоқ. Мына бесқонақ кезінде өте қатты жел болды. Кәдімгі алпыс метр секундқа шейін. Көп елді мекенде діңгегін алмастырғанмен, сым ілу мүмкін болған жоқ, жел қатты болғандықтан. Крандарда 15 метр секундтан асып кетсе, көтеруге болмайды", - дейді Ақтөбе облысы энергетика және коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрберген Бекеев.

Қарағандыда сәуір басталысымен-ақ күн жылынған. Ауа райы күрт бұзылып, қар жауып, соңы жаңбырға ұласты. Жол мұзға айналды. Көктайғақта 28 жол-көлік апаты болып, екі адам қаза тапты. Кеше Қарағандыдан шығатын жолдар тегіс жабылған. Соған қарамастан сапарға шығып кетіп, қарға адым жер аса алмай қалған көліктен 63 адам құтқарылды.

"Біздің уақытымыз - ақша. Кешелі бері тұрмыз. Асхана, дүкен, тіпті әжетхана да жоқ. Өйткені жол бойында жағдай жоқ, қараусыз қалдырған. Уақтылы тазаламайды. Бар білетіні - жолды жаба салу. Қарды уақытында тазалау дегенді білмейді", - дейді жүргізуші Геннадий Шиц.

Сыртта қар жауып көзаштырмас ақтүтек боран болғанымен, Көкшетаудың өзінде күн ашық. Синоптиктер күн райы тек осы аптаның аяғында жылынады дейді. 

"Ақмола облысында әлі де ауа райында тұрақсыздық байқалады. Қар аралас жаңбыр күтіледі. Ауаның температурасы алдағы күндері 7 градустан 17 градусқа дейін төмендейді. Тек сәуірдің 20-сынан кейін жауын-шашын тоқтап, аз да болса ауа жылынады", - дейді Ақмола облысы Қазгидромет филиалының инженер-синоптигі Лариса Гончарова.

Өңірде бүгін де кейбір республикалық маңызы бар жолдар түске дейін жабық болды. Сыртта қатты жел мен ақтүтек боран әлі басыла қойған жоқ.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек