Абай облысында бір ауыл тұрғындары өз күштерімен жол жөндеуге ақша жинап жатыр

Абай облысында бір ауыл тұрғындары өз күштерімен жол жөндеуге ақша жинап жатыр

Абай облысында Мамырсу ауылының тұрғындары жол жөндеуге өз күштерімен ақша жинап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" арнасына сілтеме жасап.

Үш шақырымдық жол 30 жылға жуық уақыт бойы жөнделмеген. Әкімдік өкілдері тасжолды жөндегеннің пайдасы жоқ екенін айтады.

Мамырсу ауылында үш мыңнан аса адам тұрады. Жолдың жағдайына байланысты жергілікті тұрғындар өздерін өркениеттен айырылғандай сезінеді. Ұзақ жыл олар билік өкілдерінен осы үш шақырым жолды жөндеуді сұраған. Бірақ үмітін үзген ауыл тұрғындары бұл бастаманы өз қолдарына алып, өз күштерімен жол салуға шешім қабылдаған.

"Ауылға қанша депутат пен шенеунік келді, бірақ біздің проблемамызға ешкім назар аудармады. Сондықтан бүкіл ауыл жолды өз күшімізбен жөндеуге шешім қабылдадық", - дейді ауыл тұрғыны Архат Әбдірахманов.

Тұрғындар жағдай қыста қиын екенін жеткізді.

"Біздің ауылға жақын жерде үш асфальт зауыты бар. Неліктен олардың ешқайсысы көмектесе алмайды? Бізге қыста қиын. Боранда жол жоқ. Жаяу жүру керек. Автобустар нашар жолға байланысты бізге кірмейді", - дейді тағы бір тұрғын Тынышбек Байболов.

Үш шақырым жолды жөндеуге 150 миллион теңге қажет. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, мұндай ақшаны жұмсау тиімсіз.

"Жоспар бойынша биыл Мамырсу ауылына іргелес "Өскемен-Талдықорған" республикалық тасжолының құрылысы аяқталады. Сондықтан ескі жол учаскесін жөндеу енді қажет емес. Жақында тұрғындар жаңа жолмен жүреді", - дейді Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Медет Татенов.

Алайда ауыл тұрғындары енді шенеуніктерге сенгісі келмейді. Сондықтан жол жөндеуге ақша жинауды жалғастырып жатыр. Қазірдің өзінде үш жүз мың теңгеден аса қаражат жиналыпты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова