Қызылорда облысында білім беру саласында былық шықты: 543 миллион теңге жымқырылған

Антикор Қызылорда білім беру саласында миллиондаған жымқыру фактісін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі, 2-тармағы бойынша Жаңақорған аудандық Білім бөлімінің басшысы мен бухгалтеріне қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.

Олар білім беру мекемелерінің қызметкерлері болып табылмайтын тұлғалардың есеп-шоттарына еңбекақы түріндегі ақшалай қаражатты аудару арқылы 543 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.

Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен күдіктілер қамауға алынды.

Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Сонымен қатар, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрқайсысы кінәсіз деп есептеледі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!