Қырғыз жүргізушілері Жамбыл жерінен жанармай тасып жатыр

Қазақстанда жанар-жағармай материалдарының құны жақын шетелдерге қарағанда айтарлықтай төмен. Мәселен, теңгеге есептегенде көрші Қырғыз елінде бензин 389 теңгеден, дизель литріне 428 теңге, Ресейде - 294-305 теңге, Өзбекстанда - 428, дизель отыны - 479 теңге тұрады. Бағаның әркелкі болуы шекара маңындағы аудандарда тиісті реакцияны тудыратыны түсінікті.

"Содан болар, соңғы уақытта көршілеріміз, әсіресе, қырғыз жақтан жанар-жағармайдың алыпсатарлары көбейді", - дейді Жамбыл облысы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясы бөлімінің бастығы Ербол Бибазаров. Massaget.kz тілшісі тиісті органдардан көршілердің шекара бекетінен бензинді қалай алып өтіп кетіп жүргенін сұрады.

"Халықаралық рейске шығатын жүк көліктерінің жүргізушілері жанармай құйылған бактарына қосымша контейнерлер бекітіп, шекара бекетінің бақылау-өткізу пунктінен еш қиындықсыз өтіп, мол олжамен оралудың жолын тауып алған. Бұл алыпсатарлықтың салдары біздің елге қандай экономикалық зардап шектіріп отыр? Алдымен осыны ойлануымыз керек. Мысалы, күн сайын біздің елден үш мыңға жуық жүк көлігі шығады, олардың әрқайсысының сыйымдылығы 7-10 тонналық, машиналарда 200-300 литрден, ауыр жүктерде 1200-1500-ге дейін жанармай құятын бактары бар. Сонда арзан екен деп әрқайсысы осынша көлеммен таси берсе, не болады", - деп түсіндірді Ербол Бибазаров.

Мамандардың айтуынша, олардың көпшілігі тасымалдап-жинап жатқан жанармайды саудаламайды екен. Оны өз қажеттіліктері үшін сақтап, сәтін күтетіндер де бар көрінеді.

"Көлікте резервуарлар көп болса, бір рейсте соғұрлым көп ақша табуға болатыны түсінікті. Шығу оңай-ауыр жүктердегі стандартты цистерналарға жергілікті қолөнершілер қосымша контейнерлерді "Стаханов" әдісімен бекітеді", - дейді полиция басқармасының жол-техникалық инспекциясы бөлімінің бастығы.

Қазір Жамбыл облысында Ішкі істер министрлігінің "Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы" бұйрығына сәйкес көзделген стандарттарға сәйкес келмейтін отын бактарында тауарларды әкету жағдайларына жол бермеу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әсіресе, қырғыз елімен шекаралас Жамбыл, Меркі, Қордай аудандары ерекше бақылауға алынған.

"Біз техникалық талаптарға сәйкес келмейтін қосымша отын бактарын орнату арқылы көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзудың 21 фактісі анықталды. ҚР ӘҚБтК 7-бөлігінің 590-бабы бойынша 21 хаттама жасалды (тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқару). Заңсыз жанармай құятын бактар орнатқан автомобильдер бұзушылық жойылғанға дейін арнайы тұраққа орналастырылады. Осы бұзушылық үшін 15 айлық есептік көрсеткіш – 51750 теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген", - деп атап өтті Ербол Бибазаров.

Маманның айтуынша, негізі біздің елде де, Қырғызстанда да жанармайға арналған қосымша ыдыстарды көлікке заңды түрде қойғызуға болады. Ол үшін полицияға тиісті өтініш беру керек, ал орнату жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл өзгерісті тіркеу керек. Сонда ғана машинаға кез-келген жерден жанармай толтыруға болады.

А.Сырымбет

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!