Павлодар облысында мал іздеуге шыққан 34 жастағы әйел табылмай жатыр

Павлодар облысында мал іздеуге шыққан әйел табылмай жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

16 сәуір сағат 18:00 шамасында Бесқауға ауылының тұрғындары өздерінің ВАЗ-2104 автомашинасымен дала алқабына ірі қара мал іздеуге шыққан. 

Бесқауға ауылынан Жаңажол ауылына қарай 25 шақырым жерде көлікті тастап, екі жаққа бөлініп, көліктің жанында кездесуге келіскен. Сағат 19:00 шамасында жұбайы көлікке оралып, әйелін күтеді. Келмеген соң, ер адам полицияға жүгінді.

Айта кетейік, бір күн бұрын ауылда ақтүтек боран болған. 34 жастағы әйел ұялы телефонын жұбайының көлігінде қалдырып кеткен.

Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін үш техника жұмылдырылды. Төрт іздеу тобы, оның ішінде Екібастұз қаласы ПБ жеке құрамы, ТЖМ қызметкерлері және жергілікті тұрғындар іздеуді жалғастырып жатыр.

Жақын маңдағы елді мекендердің дала алқабында іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бағдарлар барлық қалалық және аудандық ПБ-ге жіберілді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!