"Денсаулыққа зиян деп қорықпаңыз". Тамақты ысырап қылмайтын ерекше мейрамхана ашылды

"Денсаулыққа зиян деп қорықпаңыз". Тамақты ысырап қылмайтын ерекше мейрамхана ашылды
Фото: Видеодан алынған кадр

Бельгияда ерекше мейрамхана ашылды. Оның ерекшелігі - ас мәзірі сақтау мерзімі өткен азық-түліктерден жасалады. Жоба авторларының мақсаты - халықты тағамды рәсуә қылмауға үндеу. Себебі Еуропада жылына 90 миллион тоннадай азық-түлік қоқысқа тасталады екен. Есесіне, ғаламшарда 900 миллион адам аштықтың зардабын тартып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Қазақстан" телеарнасына сілтеме жасап. 

Мейрамхана қожайыны солыңқыраған жеміс-жидектерден шырын жасап, қос аспазшы ыстық тамақ әзірлеп әлек. Сақтау, жарамдылық мерзімі өткен азық-түліктерден жасалған тағамдардың дәмін татуға халық жинала ма деген күдік басым.

"Мақсатымыз - дүкендерде сақтау мерзімі аяқталғандықтан өтпей қалған азық-түліктерді, базарларда езіліп, сатуға жарамсыз болған жеміс, көкөністерді қоқысқа тастатпай жинап, олардан дәмді тағам жасауға болатынын насихаттау. Денсаулыққа зиян деп қорықпаңыз, пайдалы тағам, жеп көріңіз", - дейді мейрамхана қожайыны Стивен Дезейр. 

Мейрамхана 20 адамға арналған шағын болғандықтан, жеңсік асты жеп көруге келгендер кезекке тұрды. Бес түрлі тағам, табиғи жеміс шырыны мен десерттен құралған ас мәзірі 32 еуро, 16 мың теңге тұрады.

"Керемет тағам. Еуропалық, классикалық үлгіде дайындалған ас мәзірінде сиырдың мойын еті, жүрегі сынды көпшілік мүлдем жеп көрмеген тамақтар бар екен", - дейді жапониялық турист Мичико Курита.

БҰҰ мәліметінше, әлемде жылына құны 800 миллиард доллар болатын бір миллиард тонна тамақ қоқысқа тасталады. Бельгияда да былтыр 600 мың тонна азық-түлік құр рәсуә болған. Ал елде 200 мың адам ыстық тамаққа зәру. Стивен сондай жандарға енді аптасына үш рет тегін дастархан жаяды. Және мейрамханадан түскен қаражаттың есебінен сол тұрмысы төмен азаматтарға азық-түлік, киім-кешек әперіп, қайырымдылықпен айналысуды көздеп отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек