"Компания қалтамызға негізсіз қол салып отыр". Тұрғындар наразылық білдірді

"Компания қалтамызға негізсіз қол салып отыр". Тұрғындар наразылық білдірді

"Қазақтелеком"-ның қызмет сапасына көңілі толмайтын кейбір қарағандылықтар, компания қалтамызға негізсіз қол салып отыр дейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Олардың айтуынша, монополист мекеме қызметкерлері тұтынушыларға жаңа қызмет түрлерін ұсынып қоңырау шалады. Сорақысы, ешқандай заңды келісім бермесек те, қосымша қызметтерге жазып қояды дейді наразы топ. Ай сайынғы төлемі қалтаға салмақ салатын қосымша қызметтерден бас тарту да оңайға соқпайтын көрнеді.

Қарағандылық Татьяна Назарова Қазақтелекомнан қызмет ақысына әдеттегіден 1200 теңгеге артық түбіртек көргенде аң-таң болдым,- дейді. Қосымша телеарналарды қосуға рұқсат бермесе де, монополист кәсіпорын еркінен тыс жазып қойғанын анықтаған. Мүгедек жан жүріп-тұруға қиналғандықтан, әлеуметтік қызметкер көмегіне жүгініп компания кеңсесіне өтінішін беріп жіберген. Алайда оның бұл өтінімі қабылданбады. Өйткені тұтынушының өзі келуі керек. Қалтаға салмақ салып келген артық қызмет түрін өшірту үшін бақандай үш ай жүрген.

"Біз сізге төлеген ақшаны қайтармаймыз, компания қызметкерімен сөйлескен аудиожазба сақталған. Сіз өзіңіз қоңырау шалып, қосымша телеарналарды қосқыңыз келетінін айттыңыз деп бой бермеді. Міне дәл осылай айтты. Еркімізден тыс тәуелді қылып қойды. Шыны керек, маған бұл қызмет керек емес, өйткені оның барлығын мен қарамаймын. Артылып жатқан ақшам жоқ. Маған әрбір тиын маңызды. Осылай істеуге болады ма?" - дейді ашулы Татьяна Назарова.

Әлеуметтік желіде де дәл осындай онға жуық шағымды кездестіруге болады. Тұтынушылардың сөзінше, қызметтік жарнамасы бар қоңыраулар жиі шалынады екен. Оператор қызмет түріне қатысы жоқ және "Ия" деп жауап беруге тура келетін сұрақтарды қояды. Артынша бұл қызметтерге жазылғандар қатарынан табылып қалып жатырмыз деп арыздануда. Сорақсы, мәжбүрлі түрде қосылған бұл қызметтерден бас тарту тіптен қиын екен. Операторлардың құйтырқы сұрақтарына келісім берген телефон әңгіме компанияда сақталған. Ал, шын мәнінде тұтынушылардың көбі бұл қызметтерді пайдаланбайтындарын жасырмайды.


"Тұтынушыларды жаңа өнімдер туралы хабардар ету үшін біз барлық байланыс арналарын қолданамыз. Абоненттерге қызметтерді рұқсатсыз қосуды болдырмау үшін біз клиентті сәйкестендіру үшін көп сатылы жүйесін енгіздік. Қосылған қызметті растайтын ұялы телефон нөміріне яғни, абоненттерге SMS хабарлама жіберіледі. Сонымен қатар қызмет пакетін қосу кезінде абоненттен өтініш формасын және жеке куәліктің сканерленген көшірмесін аламыз", - дейді "Қазақтелеком" АҚ бағдарламалық құрамдар бөлімінің сату каналын басқару бөлімінің директоры Марат Сандыбаев

Заңгерлердің сөзінше, монополисттер жекелей тұтынушылармен емес жалпы жария шарттар жасасады. Егер компанияның қызмет түрлерін пайдаланып отырсаңыз, онда тұтынушымен келісім-шарт жасалды деген сөз. Мамандар оператор қоңырау шалған кезде ешқандай сұрағына жауап бермеуге немесе телефон тұтқасын қоя салуға кеңес береді. Соған қарамастан, еркінен тыс қосымша қызметтерге қосылғаныңыз анықталса, жазбаша шағым беруге болады дейді. Бас тартқан жағдайда сотқа беруге толықтай құқылы. Ал мәселе тез шешілсін десе, мұндай жағдайда ұжым болып сотқа арызданған абзал.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы