Қымбат қоқыс. Алматы облысында қоқыс жинау дауға айналды

Үмбетәлі ауылындағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, сыртқа шығарумен айналысатын кәсіпкер тарифті негізсіз көтерген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тіпті ауыл тұрғындарының сыртынан келісімшарт жасап, абонементтерді комуналдық төлем жинайтын "Алсеко" компаниясына тіркейді. Мұны ауыл тұрғындары өткен айдың басында  "мусор чегі" келгенде  біледі. Жеке кәсіпкер Исабекова әр абонементтен айына 1500 теңгеден ақша жинамақ болады. Алайда бұған ауыл тұрғындары наразылық танытады.

"Мен үйден "мусор" шығармаймын. Жиналған қоқысты моншаға жағып жіберемін. Одан қалды өртеп тастаймын. Сондықтан өткізбеген "мусорға" не үшін мың жарым теңге төлеуім керек? Бізбен ешкім келісімшарт жасаған жоқ. Сонда бұлар көрсетпеген қызметі үшін қалайша ақша талап етеді?" - дейді ауыл тұрғыны Гүлсім Нұрмұхаева.

Бұған дейін де жеке кәсіпкердің жұмысына қатысты бірнеше рет сын айтылған. Тұрғындардың сөзінше, қоқыс айына бір рет қана жиналады екен. Кейде жұмысшылар қапқа салып, дайындап қойған жүкті жартылай жинап, қалғанын тастап кететін көрінеді.

"Біз осы дау-дамай шыққан соң ауыл тұрғындарымен жиналыс өткіздік. Оған кәсіпкер Қымбат Исабекова да қатысты. Ол кісімен 176 үй тұрмыстық қалдықтарды сыртқа шығару бойынша келісім жасапты. Бұл - ауыл халқының 20 пайызы деген сөз. Бастапқыда Исабекова тарифті 1800 теңгеге көтергісі келді. Бірақ оған ешкім келіспеді. Тіпті қазіргі тарифтің өзіне келіспейтіндер көп. Ешкіммен келісім алмай, төлем түбіртегін жіберу негізсіз. Тұрғындарға осыны түсіндіріп, ешқандай төлем жасамауды сұрадық. Жиналыс нәтижесінде тұрғындар Қымбат Исабекованың қызметінен бас тартып, тазалықпен айналысатын адамды өз араларынан сайлап алатынын айтты. Ал тазалық тарифі әр үйден 600 теңге болады деп келісілді", - деді Шолаққарғалы ауылдық округінің әкімі Бағашар Төлендіұлы. 

Саламат Сабыр

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!