Ақтаулық тұрғын бұрынғы әйелінен 300 мың теңге моральдық шығын талап етіп отыр

Бұрынғы әйелінен моральдық шығын талап еткен ақтаулық тұрғын оны әлеуметтік желіде балағаттады деп айыптап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ал Сәлима Жанғалиеваның сөзінше, "Бұл жала, баласына алимент төлемеудің амалы". Ол екінші рет тұрмысқа шығып, жолдасымен 4 жыл отасқан. Бірақ, жүктіліктің 3-айында ажырасып кетіпті. Айтуынша, бұрынғы күйеуі алимент төлемейді. Қарызы шамамен 1 миллион теңгеге жеткен. Ал, жуырда ол әлеуметтік желіде балағаттадың деп, Сәлиманы сотқа берген. Жалғыз басты ана айыппұл жүктелсе, төлей алмайтынын айтады. Себебі, тұрмыстық жағдайының төмендігінен, 1 жасқа толмаған баламен жұмысқа шығуға мәжбүр болған.

"Ол маған жала жауып отыр. Менен ақша өндіріп алғысы келеді. Өзінің баласы екенін біле тұра, алимент төлемей отыр. Баланының ДНК-сын тексертемін деп айтқанына 1 жыл болды",-дейді Ақтау қаласының тұрғыны Сәлима Жанғалиева.

Қазір бұл іс Ақтау қалалық азаматтық сотында "Ар-намысты қорғау" бабы бойынша қаралып жатыр. Заңға сәйкес, ар-намысты қорлау-қылмыстық құқық бұзушылық болып саналады. Ол үшін 100 АЕК көлемінде айыппұл немесе 120 сағатқа дейін түзеу не болмаса, қоғамдық жұмыс қарастырылған.

Ал, "алимент төлеуден ешкім қашып құтыла алмайды" дейді, облыстық Әділет департаментінің мемлекеттік сот орындаушысы Берік Амантұрлиев. Бас тартқандар қылмыстық жауапкершілікке тартыла бастады. 

"Облыста 300-ге жуық әке алимент төлемей жүр. Егер олар 3 айдан астам уақыт ішінде қарызын төлемесе, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ол әсер етпесе, қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданады", - дейді Маңғыстау облыстық Әділет департаментінің мемлекеттік сот орындаушысы Берік Амантұрлиев.  

Былтыр осындай жолмен 50 миллион теңге өндірілген. Айта кететін жәйт, сотта қаралған істердің арасында әйелдерден алимент талап ету жағдайлары да тіркелді.

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!