Мессенджерлерде есірткі жеткізуді жарнамалап жүрген адаммен сөйлестік: Полиция ақпаратқа қатысты пікір білдірді

Қазақстанда мессенджерлерде есірткі жарнамасы өріп жүр. Massaget.kz тілшісі Telegram-да тарап жүрген жарнама авторына жазып, олардың қалай жұмыс істейтінін сұрады. Сонымен қатар, есірткі қылмысына қарсы басқармалар қалай жұмыс істеп жатқанын анықтадық. 

Таяуда Telegram-дағы жарнама салатын арналардың бірінде студенттерге арналған жұмыс бар екені жазылған хабарламаға көзіміз түсті. Ең алдымен жұмыс іздеген адам кейпінде танысып, қандай жұмыс ұсынатындарын сұрадық. Massaget.kz тілшісі жасы 22-де екенін, Алматы қаласынан екенін айтты. Жұмыс ұсынушы көп ойланбай, қандай жұмыс екенін бірден түсіндірді. 

Яғни бұл есірткіні тасымалдау жұмысы болып шықты. 

"Жұмыс берушілер" бұл "қауіпсіз" жұмыс екенін, ең алдымен жұмысқа кіріспес бұрын оқудан өту керегін айтады. 

"Тауар - жеңіл есірткі. Қауіпсіздік ережелерін сақтаған жағдайда жұмыстан еш қауіп жоқ. Тәжірибе ұнамаған жағдайда бас тартсаң болады. Интернетте аноним болу үшін барлық ақылы бағдарламаларды түсіндіреміз", - дейді жұмыс беруші.  

 "Жұмыс беруші" жұмысшының қауіпсіздігі олар үшін маңызды екенін айтып сендіреді. 

Сонымен қатар, "жұмыс беруші" жалақы қанша екенін түсіндірді. Бастапқыда "жұмыс беруші" күніне 20 мың теңге табуға болатынын айтып сендірген болатын. Оның сөзінше, есірткіні жеткізген адам алғашында әр жеткізуге 650 теңге алса, одан кейін 1300-1400 теңгеден алады екен.  

Осымен диалог аяқталды. Алматы қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мұндай жарнама түрлеріне қатысты ресми жауап берді. Басқарма өкілдері ведомство интернетті тұрақты негізді талдау арқылы осындай деректерді анықтаумен айналысатынын айтады. 

"Сонымен қатар, анықталған Telegram-мессенджерлері автоматты түрде бұғаттау үшін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің "Кибербақылау" ақпараттық жүйесіне жолданады. Биыл осындай 45 сайт бұғатталды", - делінген Massaget.kz тілшісі жіберген сауалға берілген ресми жауапта. 

Басқарма мәліметінше, мұндай арналар Қазақстанда емес, көбіне шетел арқылы басқарылады.

"Осындай мессенджерлерді ұйымдастырған тұлғаларды анықтаудағы негізгі мәселе - бұл сайттар VPN қолдана отырып Қазақстан аумағынан тыс жерлерде, мысалы Швейцария, АҚШ, Ұлыбритания серверлерінде тіркеледі. Яғни олардың IP мекенжайларын ұйымдастырған тұлғаның кім екенін анықтау қиынға соғады", - делінген хабарламада. 

Алматы қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мұндай жағдайда қандай жаза қарастырылғанын түсіндірді. 

"Қылмыстық кодекске 2019 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес "Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекусорларын заңсыз жарнамалау 299-1-бабымен қарастырылған. Оған 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген", - деп түсіндірді басқарма өкілдері.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!