Нығматулиннің ұлдарына тиесілі зауыт жұмысшыларының жалақыларын көтеру талабы орындалды

Нығматулиннің ұлдарына тиесілі зауыт жұмысшыларының жалақыларын көтеру талабы орындалды
Фото: elements.envato.com

Парламент Мәжілісінің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің екі ұлына (Нұрхан Нұрланов, Нұржан Нұрлановқа және Kazakhmys Resources-қа B. V.) тиесілі "Қазфосфат" зауытының жұмысшылары ереуілге шығып, жалақылары көтерілуін талап етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі kursiv.media-ға сілтеме жасап.

Желіде 13 сәуірде Жамбыл облысының Жаңатас қаласындағы "Қазфосфат" зауытының жүздеген жұмысшысы ереуілге шыққаны туралы видео тарады. Олар еңбек жағдайын жақсартуды және жалақыны 21 пайызға көтеруді талап етті.

Жамбыл облысы әкімдігі мәліметінше, арнайы комиссия құрылып, жұмысшылармен келіссөз жүргізілді. Жеті талаптың алтауын шешуге уәде берілген. Мәселен, маусымда жұмысшылардың жалақысын 30 мың теңгеге арттыру жоспарланып отыр.

"Қаратау" АПК директоры М. Мақышовты және басқаларды жұмыстан шығару туралы мәселе жақын арада қаралады", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, жұмысшылар жалақыларын индекстеуді талап еткен.

"Жұмысшылар жалақыны индекстеуді (инфляция кезеңінде бағаның өсуіне сәйкес азаматтардың табыстары мен жинақтарын мемлекет тарапынан арттыру - еск.) талап етіп отыр, кәсіпорын әкімшілігі сыйақы ұсынды. Осы мәселе бойынша "Қазфосфат" ЖШС директорының орынбасары Е.Сариев компания басшылығымен келісу үшін 10 күн беруді сұрады", – делінген хабарламада.

Әкімдік өкілдері бұл оқиғаны жұмысшылардың ереуілі ретінде емес, тек еңбек дауы ретінде қарастырған жөн екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, былтыр "Қазфосфат" ЖШС-нің екі жүз жұмысшысы цифрлық трансформация басқармасы бастығының дөрекі сөзіне байланысты ереуілге шыққан еді. Облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы мәліметінше, басшылық оны жұмыстан шығарған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова