Жазадан құтыламын деп ойлаған. Абай облысы тұрғыны сотта аяғы ауыр екені туралы жалған анықтама ұсынған

Наурызда Абай облысындағы аудандық сотта Үржар ауылының тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралған. Алайда күдікті жазадан құтылу үшін сотқа аяғы ауыр екені туралы анықтама ұсынған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Абай облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Абай облысы тұрғынына қатысты сотта Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігі бойынша көлікті мас күйінде басқару дерегі бойынша іс қаралған. Ал бұл баптың санкциясы бойынша 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және көлік құралын басқару құқығынан 7 жылға айыру жазасы көзделеді.

"Істі қарау барысында Т.А.Ж. жүктілік туралы анықтаманы ұсынды, бұл оған жазадан құтылуға мүмкіндік берді, өйткені заңда жүкті әйелдерді қамауға тыйым салынған. Бірақ жауап алу кезінде құқықбұзушы жүктілігі туралы қарама-қайшы айғақтар бере бастайды. Осыған назар аударған прокурор істі қарауды кейінге қалдыруды сұрап, медициналық құжаттарды тексере бастайды", - делінген сот хабарламасында.

Тексеріс кезінде жүктілік туралы анықтама жалған екені анықталып, прокуратура Абай облысы тұрғынын қылмыстық жауапқа тарту үшін құжаттарды полицияға жолдаған.

Осылайша, Үржар аудандық соты үкімімен құқықбұзушы Қылмыстық кодексінің 385-бабы 3-бөлігі бойынша, яғни сотқа жалған құжат ұсынғаны үшін кінәлі деп танылып, оған айыппұл салынды.

Сонымен қатар, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1 бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 15 тәулікке қамауға алынып, көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!