"Әкімшілік жауапкершілікке тартылды". Бас прокуратура жаңаөзендік жұмысшыларға қатысты мәлімдеме жасады

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Мәжіліс кулуары аясында Астанада ұсталған мұнайшылар мен оларға қолданылған шаралар туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Кешегі жағдайға қатысты. Іс жүзінде Энергетика министрлігі, "Қазмұнайгаз" және ІІМ тараптары да жеткілікті ақпарат алмаған. Шынында да, 10 сәуірде Энергетика министрлігі ғимараты алдында "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері заңсыз жиналыс өткізіп, өздерінің жұмысын ЖШС-де қалпына келтіруді немесе өздерін "Өзенмұнайгазға" жұмысқа орналастыруды талап етті. Айта кетейін, олар мұндай акцияларды өткізу тәртібін бұзған. Мұндай пикеттер мен акциялар үшін әкімдіктерге бес күн бұрын хабарлау қажет. Мұндай хабарлама берілмеді", - деді Жандос Өмірәлиев.

Ол қазір ұсталғандар босатылғанын мәлімдеді.

"Барлығы 126 адам болды. Барлығы босатылды. Компанияның бұрынғы бес қызметкері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, яғни рұқсат етілмеген митингке қатысқаны үшін ескерту алды", - деді ол.

Еске салайық, Жаңаөзеннен Астанаға 60-70-ке жуық жұмысшы келіп, Энергетика министрлігі ғимарат маңында пикетке шыға бастады. Жиналғандар өздерін "Өзенмұнайгаз" штатына ("ҚазМұнайГаз"еншілес компаниясы) жұмысқа орналастыруды талап еткен. ҚМГ баспасөз қызметі мәліметінше, олар - тендерден ұтылған, "Өзенмұнайгаз" үшін мұнай сервис қызметтерін орындайтын "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері.

"Бұлай талап ету дұрыс емес". Көлгінов Астанаға жиналған жаңаөзендік жұмысшылар туралы пікір білдірді

Кейін полиция Астанаға өз талаптарымен барған жаңаөзендік жұмысшылардың не үшін ұсталғанын түсіндірді. Құқық қорғау органдары мәліметінше, митинг өткізуге рұқсаттары болмауы салдарынан акцияның ұйымдастырушысы мен белсенді қатысушылары ұсталған. 

Ал Жаңаөзен тұрғындары қала әкімдігіне жиналып, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті. Жаңаөзен әкімі алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жасады. Өңір әкімі Нұрлан Ноғаев та Маңғыстау тұрғындарын сабыр сақтап, ел тыныштығын бұзбауға үндеді. Астанадағы мұнайшылар наразылыққа шыққан халыққа үндеу жасап, бәрі дін аман екенін хабарлады.

Кейінірек ұсталғандар босатылғаны, олар Жаңаөзенге қайтқаны, жұмысшылардың талаптарын шешу үшін "ҚазМұнайГаз" бен "БерӘлі Маңғыстау компаниясы" арасында келісім жасалғаны белгілі болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!