"Кінәлі деп есептемеймін". Жигули Дайрабаев ұлдарының сотталуына қатысты Мәжілісте мәлімдеме жасады

Депутат Жигули Дайрабаев екі баласына қатысты Мәжілісте мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жигули Дайрабаев депутаттарға қолдау білдіргені үшін алғыс айтты.  

"Ардақты әріптестер, алдымен сіздерге ризашылығымды білдіргім келеді. Балаларыма байланысты туындаған мәселе бойынша депутат, әріптес ретінде қолдау көрсетіп жатырсыздар. Моральдық жағынан әділдік танытып, құқықтық жағынан сауаттық білдіргендеріңізді жоғары бағалаймын. Балаларымды кінәлі деп есептемеймін. Олар әділдік үшін күреседі. Апелляциялық сотқа жүгініп, абыройын қорғауға мүдделі. Ендеше, мен Мәжілістен не үшін кетуім керек?", - деді Дайрабаев. 

Еске салайық, Мәжіліске "Ауыл" партиясынан сайланған Жигули Дайрабаевтың екі ұлы Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалық 550 миллион теңгеден аса субсидия қаржысын жымқыру туралы іс бойынша шартты мерзімге сотталған болатын. Бұл ақпаратты Жамбыл облыстық сотының судьясы Ғалым Күлекеев растады.

Тараз қаласы №2 соты субсидияларды ұрлау туралы іс бойынша үкім шығарды. Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы алаяқтық, яғни адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену бойынша 4 адамға қатысты қылмыстық іс қаралған. Олардың қатарында "Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы" ММ басшысының өсімдік шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары болған Ерлан Күлкеев, кәсіпкерлер Елжан Елібай, Марат Дайрабаев және Дидар Молдақалық бар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!