Абзал Құспан Мәжілісте елден заңсыз жолмен шығарылған қаражатты қайтару мәселесін көтерді

Адвокат, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан елден заңсыз жолмен шығарылған қаражатты қайтару мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Абзал Құспан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елден заңсыз жолмен шығарылған қаражатты қайтару, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған экономикалық ресурстардың монополиялық (олигополиялық) шоғырлануын анықтау, оларды мемлекетке қайтаруға бағытталған бірқатар тапсырмалар берілгенін атап өтті. 

Мысалы, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 5 маусымдағы Қаулысымен елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару мақсатында ведомствоаралық комиссия құрылып, оның төрағасы болып Бас прокурор бекітілген еді.

Ал, 2022 жылдың 26 қарашасында Президент "Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы" қаулыға қол қойған болатын.

"Алайда, Мемлекет басшысы қол қойған Қаулыда тікелей көрсетіліп тұрса да, осы күнге дейін құрылған арнайы комиссия жұмысы қоғамға ашық деп айтуға келмейді. Бұқаралық ақпарат құралдарын шолып шыққандағы байқағаным, арнайы комиссияның құрылған кезде және өткен жылдың қараша айында жасаған ресми мәлімдемесінен басқа көзге ештеңе түсе қойған жоқ. Биылғы, 2023 жылғы қызметі туралы ешқандай ақпаратты өз басым таба алмадым. Егер жоғарыда көрсетілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы қоғам және сол қоғамның осы жерде отырған заңды өкілдері ретінде біздер – депутаттар хабарсыз болатын болсақ, онда күні ертең активтерді қайтарумен байланысты алдымызға түсетін заң жобасын қалай, қайтіп қабылдамақпыз?!" - дейді депутат Құспан. 

Осыған байланысты Абзал Құспан Парламент Мәжілісінің келесі кезекті жалпы отырысына Бас прокурор қатысып, активтерді қайтаруға бағытталған арнайы комиссияның осы кезге дейін атқарған қызметі туралы депутаттардың сұрақтарына жауап беруін, Бас прокурор басқаратын ведомствоаралық арнайы комиссия және Үкімет жанындағы жұмыс топтарына, мамандықтары сәйкес келетін депутаттардың да қатыстырылуын қамтамасыз етуді сұрады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!