"Біз аманбыз, деніміз сау". Мұнайшылар наразылыққа шыққан халыққа үндеу жасады

Астанада мұнайшылар наразылыққа шыққан халыққа үндеу жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жаңаөзен қаласының мұнайшылары әділдік іздеп, Астана қаласына келген болатынбыз. Кеше әлеуметтік желіде көріп отырған жағдайларға байланысты: біз аманбыз, деніміз сау. Ауылға қайтамыз. Алла қаласа біз де барамыз. Еш уайымдамай, жұмыстарыңызды жалғастырсаңыздар болады. Біз аманбыз. Маңғыстау облысына, Жаңаөзен қаласына, барша мұнайшыларына алғыс білдіреміз", - дейді жұмысшылар. 

Еске салайық, Жаңаөзеннен Астанаға 60-70-ке жуық жұмысшы келіп, Энергетика министрлігі ғимарат маңында пикетке шыға бастады. Жиналғандар өздерін "Өзенмұнайгаз" штатына ("ҚазМұнайГаз"еншілес компаниясы) жұмысқа орналастыруды талап еткен. ҚМГ баспасөз қызметі мәліметінше, олар - тендерден ұтылған, "Өзенмұнайгаз" үшін мұнай сервис қызметтерін орындайтын "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері.

"Бұлай талап ету дұрыс емес". Көлгінов Астанаға жиналған жаңаөзендік жұмысшылар туралы пікір білдірді

Кейін полиция Астанаға өз талаптарымен барған жаңаөзендік жұмысшылардың не үшін ұсталғанын түсіндірді. Құқық қорғау органдары мәліметінше, митинг өткізуге рұқсаттары болмауы салдарынан акцияның ұйымдастырушысы мен белсенді қатысушылары ұсталған. 

Ал Жаңаөзен тұрғындары қала әкімдігіне жиналып, Астанада ұсталған жұмысшыларды босатуды талап етті. Жаңаөзен әкімі алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жасады. Өңір әкімі Нұрлан Ноғаев та Маңғыстау тұрғындарын сабыр сақтап, ел тыныштығын бұзбауға үндеді. Астанадағы мұнайшылар наразылыққа шыққан халыққа үндеу жасап, бәрі дін аман екенін хабарлады.

Кейінірек ұсталғандар босатылғаны, олар Жаңаөзенге қайтқаны, жұмысшылардың талаптарын шешу үшін "ҚазМұнайГаз" бен "БерӘлі Маңғыстау компаниясы" арасында келісім жасалғаны белгілі болды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!