Баянауылда Тәуелсіздік алғаннан бергі алғашқы мектеп салынады

Павлодар облысы Қаражар ауылында жаңа мектептің іргетасы қаланды. Бұл - Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бергі 31 жылдан аса уақыттағы Баянауыл жерінде бой көтергелі жатқан алғашқы мектеп, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

100 оқушыға арналған білім ұясының іргетасы қаланғанын облыс әкімі Асайын Байханов әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

"Кеше Баянауыл ауданына қарасты Қаражар ауылында болдым, мұнда жаңа ауыл мектебінің құрылысын бастадық. Екі қабатты кең ғимаратта спорт залы, шағын орталық, асхана, арнайы спорт алаңдары болады. Бір ауысымда мектепке 100-ге дейін оқушы бара алады", - дейді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.

Айта кетейік, Қаражар ауылындағы ескі мектеп 1958 жылы салынған. Ол қазір апат жағдайында тұр, оқушыларға тар әрі қажет кабинеттер саны жеткіліксіз.

Мердігер компания құрылыс жұмыстарын жаңа оқу жылы басталғанға дейін тапсыруды жоспарлап отыр. Компания нысанды өз қаражатына салады. Жоба келісілген мерзімде сәтті аяқталған жағдайда мемлекет оны сатып алады. Павлодар облысында апат жағдайындағы бірнеше ауыл мектебі бар. Биыл олардың да орнына жаңасын салу жоспарланған.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!