Депутат Андрей Лукин Алматының таулы аудандарына құрылыс салмауды ұсынды

Депутат Андрей Лукин Алматының таулы аудандарына құрылыс салмауды ұсынды
Фото: Tengrinews.kz/Әлихан Сәриев

Депутат Андрей Лукин Сенаттың жалпы отырысында Алматының таулы және тау бөктеріндегі аудандарындағы құрылысқа мораторий жариялауды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Андрей Лукин депутаттық сауалын Премьер-министр Әлихан Смайылов пен бас прокурор Берік Асыловқа жолдады. 

Депутаттың айтуынша, Алматының тау бөктеріндегі заңсыз және ретсіз салынған құрылыстар жұртты толғандырып отыр. Оның үстіне, құрылыс салу мен алма бақтарын құртуға байланысты даулы жанжал да көп.

"Жекеменшік құрылыс компаниялары бизнесті тексеруге мораторийді алға тартып, шаруа қожалығы мен бау-бақшаға арналған жердің мақсатын жеке тұрғын үй салуға өзгертіп алады және тау бөктеріндегі аймақтарда көпқабатты тұрғын үй кешендері құрылысын салып келеді. Тау бөктерінің жұмсақ құрамы күрделі құрылысқа жарамсыз екені белгілі. ТЖМ бұл учаскедегі құрылыс техногендік сипаттағы көшкіндерге әкелуі мүмкін екенін бірнеше рет айтқан болатын", - деді ол Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында.

Сенатор мұның бәрі жайдан жай емес деп отыр. Мұндай құрылыс тек біреудің салғырттығына немесе қамқорлығына байланысты болуы мүмкін.

"Жылжымайтын мүлік саласындағы хабарландыруларды орналастыруға арналған қазақстандық ірі сайттардың бірінде Каменское плато шағын ауданында 50 сотықтан гектарға дейінгі жер учаскелерін сату туралы бірнеше хабарландыру бар. Бұл учаскелер бір кездері шаруа қожалықтары ретінде берілген еді, ал қазір коттедж қалашықтары, таунхаустар, клуб үйлері үшін "ең жақсы орын" ретінде сатылып жатыр. Бір хабарландыруда меншік иесі тіпті мемлекеттік органдардағы байланыстар арқылы жердің нысаналы мақсатын қайта ресімдеу және өзгерту кезінде көмек көрсетуге дайын екенін жазған", - деді Андрей Лукин.

Сондай-ақ, ол Алматыдағы аудандардың экологиялық күйі мен тау бөктерінің ерекше сұлу табиғаты кейбір топтың пайдаға кенелу мен баюға құнығуына байланысты жойылып кетуі мүмкін деп дабыл қақты. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек