Интернет тек әкімдік ғимаратында жақсы ұстайды: министрлік өкілдері тұрғындардың шағымына жауап берді

Интернет тек әкімдік ғимаратында жақсы ұстайды: министрлік өкілдері тұрғындардың шағымына жауап берді

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өкілдері Абай облысындағы Тарбағатай ауылындағы интернет мәселесіне қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, Тарбағатай ауылында 1335 адам тұрады. Байланыс операторларының мәліметтері бойынша бірнеше байланыс технологиясы қолжетімді. Оның ішінде, 2G - "КаР-Тел" ЖШС, "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС, "Кселл" АҚ, 3G - "КаР-Тел" ЖШС, "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС, "Кселл" АҚ. 

"Бүгінгі күні ауылдық елді мекендердегі байланыс сапасы бойынша тексерулер байланыс операторларына берілген лицензиялық міндеттемелерге сәйкес жүргізіледі. Тарбағатай ауылы бұл тізімге кірмейді. Сонымен қатар, министрлік 250-ден астам тұрғыны бар барлық ауылдық елді мекендерді қамтуы тиіс лицензиялық міндеттемелер тізімін кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын хабарлаймыз. Осы жұмысты жүргізгеннен кейін Тарбағатай ауылында сапаны жақсарту мерзімдері белгіленеді", - деді министрлік өкілдері. 

"Интернет тек жұмыс күндері ғана істейді". Аягөз ауданының тұрғындары министр Бағдат Мусинге мұңын шақты

Еске салайық, Абай облысы Аягөз ауданы Тарбағатай ауылының тұрғындары әлеуметтік желі арқылы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннен интернет мәселесін шешіп беруді сұраған болатын. Тарбағатай ауылы тұрғындарының айтуынша, елді мекенде интернет тек әкімдік ғимаратында жақсы ұстайды. Мектепте бар деген аты ғана. Жылдамдығы өте баяу. Содан да болар, ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген қариясына дейін әкімдікке келіп, қаздай тізіліп отырады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина