Жаңаөзен жұмысшылары Астанада жиналды: Қазмұнайгаз түсінік берді

Жаңаөзеннен барған 60-70-ке жуық адам талаптарын айтып, ҚР Энергетика министрлігі ғимаратының алдына жиналды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазмұнайгаздың баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиналғандар осыған дейін ҚМГ-нің еншілес компаниясы "Өзенмұнайгаз" АҚ үшін мұнай сервис қызметтерін көрсетуге арналған тендерде ұтылған "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері.

"Биыл 1 сәуірде оларға орташа есеппен 700 мың теңге еңбекақысын сақтай отырып, басқа компанияға жұмысқа орналасу ұсынылды. Алайда "БерӘлі Маңғыстау Company" компаниясының бұрынғы қызметкерлері тендер нәтижелерін жоюды талап етіп, бұл ұсыныстан бас тартты. Сонымен қатар "Самұрық-Қазына" қоры осыған дейін келіп түскен шағымдар бойынша конкурс рәсімдерінде заң ережелерінің сақталуына қатысты тексеру жүргізген болатын. Нәтижесінде заң бұзушылық анықталмады", - делінген хабарламада.

Астанаға келгендердің басым бөлігі ҚазМұнайГаз ғимаратының алдында өткен былтырғы пикеттерге де қатысқан. Сол кезде олар маңғыстаулық басқа мекеме – "Кезби" компаниясының жұмыс көлемін белгіленген рәсімдерге қарамастан қайтаруды талап еткен.

"Қазіргі уақытта ереуілге шыққандардың қалауы өзгеріп, "Өзенмұнайгаз" АҚ штатына жұмысқа орналасуды талап етіп отыр. Алайда бұл Жаңаөзендегі жұмыссыздарды кезек бойынша аталған мекемеге жұмысқа орналастыру тәртібіне қайшы келеді. Бұл ережелердің моноқала тұрғындарының талабына сай, жұмыс орындарын әділ бөлу үшін қабылданғанын айта кету керек. Осылайша, елордаға келгендердің талаптарын қабылданған құқықтық рәсімдерге қайшы болуына байланысты орындау мүмкін емес", - делінген хабарламада.

ҚМГ астанаға келген жұмысшылармен келіссөз жүргізу үшін арнайы байланыс тобын құрды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!