Батыс Қазақстан облысында 380 борышкер алимент төлемей жүр

Батыс Қазақстан облысында 380 борышкер алимент төлемей жүр
Фото: bankist.ru

Батыс Қазақстан облысында 74 борышкерге іздеу жарияланған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Биылғы жылдың І тоқсаны кезеңінде алимент төлемдерін өндіру бойынша 10 865 атқару құжаты қаралған. Оның 486-сы өндірісте аяқталып, 10 419 құжат жұмыс сатысында. 7208 өндіріс орындалып жатыр, яғни, борышкерлердің табыс көздерінен ұсталып отыр. 2831 құжат бойынша борышкерлер алиментті өз еркімен төлесе, мүлдем төлемейтін немесе арасында ғана төлеп төлем жасайтын алимент саны -380. Былтырғы тиісті кезеңімен салыстырғанда мәселе туындаған алимент саны 17,4 пайызға азайған. Биыл үш айда 128 борышкер есепке алынып, 56-сы жұмыспен қамтылған.

"Облыста 78 жеке сот орындаушы қызмет көрсетеді. Орал қаласында 57, аудандарда 21.  Алимент өндіру бойынша тараптардан түсетін өтінімдер толастар емес. Негізінен қойылатын мәселелер - алименттің уақытылы өндірілмеуі, қарыздардың өсуі, борышкердің ресми жұмыс істемеуі немесе табысын көрсетуден жалтаруы, тұрғылықты мекен жайларында тұрмай, сот орындаушысынан жалтаруы. Борышкерлерді әкімшілік жауапқа тарту төңірегінде де мәселе жетерлік. Биыл үш айда департаментке жеке сот орындаушылардан борышкерлерді әкімшілік жауапқа тарту үшін 130 ұсыныс түсті. Оның тек 31-іне әкімшілік құқықбұзушылық хаттама толтырылды. Ал 39 борышкер хаттама толтыруға келмей, әкімшілік жазадан жалтарған. Мұндай әрекеттер жазадан құтылып, заң алдында жауапкершілікті сезінбеуге әкеп соқтырады", - деді облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Естай Рашқалиев.

Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қаламен қоса, аудан-ауылдарды аралап, әлеуметтік бағдарламалар аясында бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет екенін айтты.

"Бала тәрбиесіне ерекше мән берген халықтың ұрпағымыз. Бірақ кейінгі жылдары қоғамда алимент төлеу мәселелері бойынша түйткіл көп. Борышкерлердің жұмыс істеуден бас тартуы, жұмыс істеген жағдайда да табысын жасыруы жиі кездесіп отыр. Бұл мәселенің артында ұрпақ тәрбиесі, бала тағдыры тұр. Перзентінің нәпақасынан бас тартып, қоғамға кері әсерін тиігізіп жүрген жандардың көбеюі бізді қатты алаңдатады. Сондықтан борышкерлерге жұмыс ұсынып, барынша түсіндіру жұмыстарының аясын кеңейту қажет", - дейді Бақытжан Қаберұлы.

Қазір тұрғындар арасында алимент тақырыбы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Облыстық және қалалық әкімдіктер әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына алимент төлеу тақырыбында түсіндіру жұмыстарын жарияласа, іздеу жарияланған борышкерлерді іздестіруге және оларды мәжбүрлеп әкелуде Полиция департаменті тарапынан қолдау көрсетілсе", - дейді Әділет департаментінің  мамандары.

 Әйгерім Ғалым

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова