Көліктер қаңтарылып тұр. Түркістанда газ жоқ

Тұрғындар Түркістанда газ жоқ екеніне шағымданды. Жүргізушілер көліктерін қаңтарып қоюға мәжбүр немесе жалғыз ғана бекетте тәуліктеп кезек күтеді. Онда да әр адамға белгіленген мөлшерде ғана беріледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Көлік иелері онсыз да қымбатшылық қысып тұрған шақта, бензин құю қалтаға салмақ түсіріп жатқанын айтып отыр. Солардың бірі - көлік жүргізушісі Талғат Әбдікерімов.

"Жекеменшік көлігімді тоқтатып қойдым амалсыз. Жұмысқа автобуспен қатынап жүрмін. Себебі газ жоқ, болса да бір-ақ бекетте. Ол қайсыбірімізге жетеді, азаннан кешке дейін барлық уақытымыз кезек күтуге кетеді. Бұлай кете берсе, онда бензин де қымбаттап, жол ақысы да өсе ме деген қорқыныш бар. Қазір әйтеуір 70 теңгемен жүріп жатырмыз, енді 100 теңге болады деген сөз шығып жатыр", - дейді.

Мәселенің мәнін сұрап, Түркістан облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасына хабарластық.

"Ақтөбемұнайгаз АҚ-ның мұнай өңдеу зауыты тапсырысты кешіктіріп жатыр, біз ол жақтан 70 вагон күтіп отырмыз", - деді ведомство өкілі.

Бұл кеше-бүгін болған жағдай емес, сұйытылған газ жоғалғанына ең кемі 10 күн болған. Облыс дизель отынынан да дәл осылай тапшылық көріп отыр. Сондықтан тіпті кейбір бекеттер уақытша жабылып та қалған. Мәселенің қашан реттелері белгісіз.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!