Әйел бесінші қабаттан секірмек болды

Әйел бесінші қабаттан секірмек болды

Оралдық полицейлер өз-өзіне қол салмақ болған әйелді құтқарып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

3 сәуірде патрульдік полиция батальоны 520 экипажының қызмет инспекторлары Руслан Мұқсанов пен Райымбек Қабылов кешкі сағат 20.15 шамасында "Зачаганск" ықшамауданы, №25 Чапаев дивизиясы көшесіндегі бес қабатты үйдің тұсынан өтіп бара жатып, көпшілік тұрғындардың жиналып тұрғанын көреді. Өздеріне жүктелген тапсырманы қалтқысыз орындап, бекітілген әкімшілік аймағын тексеріп жүрген олар жоғары тұстағы балконның шетінде ілініп тұрған әйел адамды байқайды. Шапшаң қимылдаған сақшылар  Шаған полиция бөліміне хабарласып, дереу ақпарат береді. Бірден балкон тұсындағы кіреберістен жоғары қабатқа көтеріліп, пәтерді де табады. Түрлі оқиғалардың бел ортасында жүріп, әбден ысылған екі инспектор пәтердің есігін ашып ішке енеді. Содан соң әйелмен сөйлесіп, балкон сыртында ілініп тұрған жерінен ішке еппен кіргізеді. Сұрастыра келе, бұл әйелдің өмірден түңіліп, отбасында кикілжің туындап, көпқабатты үйдің жоғарғы қабатынан секіргісі келгені белгілі болған.

"Біз балконның сыртқы жағында құлағалы тұрған әйелді көргенде еш ойланбастан құтқарып қалуға ұмтылдық. Шошытып алмайық деп бір-бірлеп кіреберіске кірдік. Сосын зулап жоғарғы қабатқа көтерілдік. Жоғарыдан төменге қарап тұрған әйелге жылы сөйлеп ішке шақырып, қолтығынан көтеріп, терезеден кіргіздік. Қорқыныш пен үрейді білмедік. Мақсатымыз жерге аман түсіріп алу ғана болды. Жас адам, өмірі әлі алда ғой", - дейді түнгі ауысымдағы қызметін сәтті тапсырған полиция аға лейтенанты Руслан Мұқсанов пен полиция лейтенанты Райымбек Қабылов.

Қазіргі өмірмен қоштаспақ болған әйел дін аман. Аула тұрғындары өзіне қол салмақ болған әйелді құтқарған  патрульдік полиция батальонының инспекторларына қырағылық танытқандары үшін алғыстарын жеткізді.

Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша соталды тергеу басталды.

Айгерім Ғалым

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы