"Жарты ғасырдан бері жиналған". Ауылды кәріз суы жайлады

Маңғыстау облысы Маңғыстау ауылында көп қабатты үйлердің кәріз суы елді-мекеннің жанында ашық шұңқырларда жиналғандықтан, тұрғындар лас судың зардабын тартып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шұңқырларда жиналған кәріз суы Мұнайлы ауданы Дәулет ауылдық округінің аумағында орналасқан. Елді-мекенде 12 мыңға жуық халық тұрады. Барлығы 14 шұңқыр лас суға лық толы. Мұнда Маңғыстау ауылының көп қабатты тұрғын үйлерінен және теміржол мекемелерінен шыққан кәріз сулары жарты ғасырдан бері жиналып жатыр. Лас судың аумағы 20 гектарға жуықтап қалды.  

 

"Мен осы ауылда туып өстім. Ес білгелі кәріз суының іргесінде отырмыз. Иісін айтпағанда, қоршаған ортамызды, жерді бүлдіріп жатыр. Жаңадан салынған үйлердің ірге тасы опырылып, құдықтардан лас су шығуда. Жер тойды. Ары қарай сіңбейді. Қазған котловандары толды. Әкімдік уәдені көп береді. Бірақ, мәселе шешілмей тұр",-дейді Дәулет ауылдық округінің тұрғыны Алексей Тайғараев.

Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрхан Мустафаевтың айтуынша, ашық шұңқырларға кезінде Маңғышлақ станциясындағы үйлердің кәріз суы жиналған. Сондықтан жер "Қазақстантеміржолы" компаниясының меншігінде. Бірақ, кейін басқа да үйлер салынды. Соған байланысты біз мәселені шешудің жолдарын ұсындық. Қазір Маңғыстау ауылында жер асты кәріз құбырын жүргізіп жатырмыз. Биыл құрылысы аяқталып, іске қосылады деген жоспар бар. Сонда кәріз сулары сол құбырмен КОС-2 ге жіберіледі. Содан соң, аталған аумақ залалсыздандырылады.

Бұған дейін ашық-шашық жатқан кәріз суына шаруа қожалықтарының иелері де шағымданды. Себебі, төрт түлік лас су ішіп, ауру болған. Тіпті, жылқылар шұңқырға құлап шығын болды.

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!