Ақтау қаласының әкімдігі заңсыз әрекетке жол берген

Ақтау қаласының әкімдігі кәсіпкерге бизнесін кеңейту үшін жер телімін беруден бас тартып, аталған жерді өзге кәсіпкерге заңсыз беріп жіберген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кәсіпкер бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен "Атамекен" кәсіпкерлер палатасына хабарлады. Тексерулер нәтижесінде, қалалық әкімдік кәсіпкерге бизнесті кеңейту үшін өз аумағына іргелес жер телімін беруден негізсіз бас тартқандығы анықталды.

Кейін әкімдік кәсіпкерге бермеген жерді аукционсыз, сауда-саттықсыз басқа тұлғаға беріп жіберген болып шықты.

Сот әкімдіктің мұндай шешімін заңсыз деп таныды. Бірақ әкімдік өз шешімінің күшін жоюға асықпаған. Сондықтан мәселеге құзырлы органдар араласып, нәтижесінде әкімдіктің шешімінің күші жойылды.

Ал, Ақтау қаласының әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, жер учаскесі кәсіпкердің көршісіне берілген. Өйткені, ол арызды бұдан бұрын жазыпты. Алайда, әкімнің қаулысы сот шешімімен күшін жойды. Қазір шағымданушы кәсіпкердің жер учаскесінің аумағын қосымша кеңейту туралы өтініші қаралып жатыр.

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!