"Біз тоқалдан тудық па?" Семейлік қариялар жол жүру ақысы тегін болуын талап етті

"Біз тоқалдан тудық па?" Семейлік қариялар жол жүру ақысы тегін болуын талап етті

Семейлік зейнеткерлер қоғамдық көлікте жол жүру ақысы тегін болуын талап етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Абай облыстық ардагерлер кеңесінің пленумында айтылды.

"Мемлекет ардагерлер мен мүгедек жандарға көмектесіп жатыр. Оған сөз жоқ. Біз осы күнімізге шүкір дейміз. Дегенмен де көптен көңілде жүрген жайды айтпасам болмас. Мәселен, Астанада зейнеткерлер қоғамдық көлікте тегін жүреді. Бізде аз-маз ғана жеңілдік бар. Қариялар күнінде біздің ардагерлерге дұрыс көңіл бөлінбейді. Ешқандай қолдау жоқ. Ал Астанада әрбір зейнеткерге 2,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы беріледі. Астанада бар нәрсе бізде неге жоқ?" - дейді тыл ардагері Рашида Хасанова.

Қаладағы зейнеткерлерді толғандырып жүрген тағы бір мәселе - медициналық көмек.

"Бізде мүгедек жандарға жақсы көмек көрсетіледі. Жөргек, қоларба, есту аппаратын береді. Алайда қаладағы жасы ұлғайған зейнеткерлер назардан тыс қалып отыр. Бізде жасы 90-нан асқан қариялар бар. Олар мүгедек емес. Бірақ жүріп-тұруы қиын. Көптеген тыл ардагері бар, олар төсектен тұра алмайды. Ал жөргектің бағасы қымбат. Мемлекет тарапынан бір көмек болса жақсы болар еді. Былайша айтқанда, бұл кісілер мүгедек жандардай жәрдемге мұқтаж. Облыстық маңыздағы дербес зейнеткерлеріміз де бар. Ол кісілерді де мүлде ұмыттық. Олардың өз уақытында облыстың дамуына өлшеусіз үлес қосқанын естен шығармайық", - деді пленумда сөйлеген ардагер.

Айбын Алтай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек