"Сот тыйым салған". Өскемен шетіндегі шошқа фермасы жасырын жұмыс істеп жатыр

"Сот тыйым салған". Өскемен шетіндегі шошқа фермасы жасырын жұмыс істеп жатыр

Қала маңындағы Лесхоз кентінде шошқа өсіретін мекеменің жұмысына қатысты тағы шу шықты. Биыл ақпанда сот ферманың жұмысын тоқтату бойынша шешім шығарған еді. Алайда экологиялық тұрғыда қауіпті нысанның жасырын жұмыс істеп жүргені анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кеше 30-ға тарта адам жиналып, бұған қатысты наразылықтарын білдірді. Тұрғындар тіпті, шағын зерттеу жасап, шошқа фермасы сот шешімін орындамай жүргенін өз беттерінше анықтаған. Олардың айтуынша, "Митин жеке кәсіпкерлігі" заңға пысқырып та отырған жоқ. Шошқа тезегі ауыл жанындағы өзенге төгіліп, жұрт уланып отыр.

"Тезек араласқан қоймалжың нәрсенің суға аққанын өз көзімізбен көрдік. Иісі қолқаны қабады. "Кешенді неге жаппайды?" деп сот орындаушысына да бардық. Оның айтуынша, ол жаққа барғанда 8-10 мыңға жуық шошқаны көрмепті", - деді Степное ауылының тұрғыны Ольга Савинова.

 

"Жағымсыз иіс 20 жылдан бері Степное, Лесхоз маңын жайлап келеді. Облыстық Экология департаменті көпшілік шағымына сәйкес бірнеше рет ескертулер жасап, шошқа фермасының иесіне айыппұл арқалатқан. Ал биыл ақпанда сот бұл нысанның жұмысын тоқтатуы бойынша шешім шығарып, оны бақылау сот орындаушысына тапсырылды. Ал ол тексеріс жүргізу кезінде "ферма жұмысын тоқтатты" деп ақпарат берген. Бірақ экологияны құртып жатқан қоймалжың өзенге ағып, күлімсі иіс көптің жанайқайын қайтадан оятқан.

"Прокуратура қайда қарап отыр? Митин біздің шағымымызға ешқашан құлақ аспайды. Әбден ауру болып біттік. Лас ауадан өкпеміз сыр бере бастады. Топырақ пен су құрамы да бұзылды. Шошқа кешенін түбегейлі жоюды талап етеміз", - деді Степное ауылының тұрғыны Жанар Оспанова.

Бұл нысанға экологтардың өздері де кіре алмаған. Тек жергілікті белсенділердің бірі қоршаудан секіріп, видеоға түсіруге тырысқан. Құжат жүзінде жабылған фермада қарасы мол талпақ танау тынығып жатқаны анықталды.

Енді тұрғындар бәрін басынан бастау керек пе деп қам жеп жатыр. Олар "жиі-жиі наразылық білдіріп, экологтар шақырып, шағымдануымыз қайта жалғаса ма?" дейді. Одан басқа, сот шешімін тыңдамаған мекеме айыппұлды төлеген-төлемегінін білмейді.

"Лесхоз кентінде шошқа фермасы жұмысының тоқтатылғаны расталмады. Бұл сауалды қарастырып, қайта іс қозғау үшін Әділет департаментіне хат жолдаймыз", - деді экология департаментінің бас маманы Ақнұр Құнафина.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек