"Тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе" - Тоқаев ұлттық киім туралы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада берген ауызашарында ұлттық киім туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу қажет екеніне назар аударды.

"Қазақтың әдет-ғұрпы әрдайым ізгілікке шақырады. Әрбір салттың терең тәрбиелік мәні бар. Мысалы, ақсақалдарымыз жастарға батасын береді. Жастарымыз үлкеннің алдын кесіп өтпейді, құрметін көрсетеді, ешкімнің ала жібін аттамайды. Халқымыз қашанда қыз баланы сыйлап, қадірлеген. Мұның бәрі дәстүрлі ислам құндылықтарымен тығыз үндеседі. Осыны жастарға түсіндіру қажет. Жұрттың діни сауатын арттыру керек. Азаматтарымыз шынайы исламның құндылықтарын білуге тиіс. Сол құндылықтарды халық арасында түсіндіріп, дәріптеу қажет. Әсіресе өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген жөн. Көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, санасы сергек ұрпақ ұлтқа адал қызмет етеді", - деді ол.

Президент сонымен бірге Қазақстанда ұлттық мәдениетті дамыту керегін айтты.

"Ұлттық мәдениет дегеніміз бұл – мағынасы терең, көпқырлы ұғым. Халқымыздың төл мәдениеті салт-дәстүрден, әдет-ғұрыптан бастау алады. Ұлттық киімнің өзі – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі. Сондықтан ұл-қыздарымыз ұлттық киімді Наурыз мейрамында я болмаса басқа мерекелерде жиі киіп жүрсе, керемет болар еді. Тек мерекеде емес, ұдайы киіп жүрсе де, жарасымды болатыны сөзсіз. Жалпы ұлт мәдениеті – халық өмірінің айнасы, оның болмысы. Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты", - деді ол.

Еске салайық, кеше, 7 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада ауызашар берді. Ол жиналған қауымды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, бұл ай күллі мұсылман қауымы үшін ерекше уақыт екенін, жамағат осы айда ізгі амалдар жасап, мол сауапқа кенелетінін айтты.

Ауызашарға журналист, кәсіпкер, блогер Динара Сәтжан, жазушы-драматург Роза Мұқанова, айтыс ақыны Аманжол Әлтаев, театр және кино актері, Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды, "Қазақстан КВН Одағы" республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен және тағы басқалары шақырылған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!