"Ана жақта кереметтей өмірі болған жоқ". Нұрқаділовтің бірінші әйелі қайраткердің ғұмырының соңғы жылдары туралы айтты

Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі Нұрбике Нұрқаділова "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында марқұм қайраткердің өмірінің соңғы жылдары туралы айтты. Сондай-ақ, ол Заманбек Нұрқаділов балаларымен қандай қарым-қатынаста болғанын әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Нұрбике Нұрқаділованің сөзінше, ұл-қызын әкелерімен араластырып тұрған. Алайда қызы Құралай басында әкесімен жақсы қарым-қатынаста болмапты. Заманбек Нұрқаділов өмірден өтерінен екі ай бұрын қызынан кешірім сұрап келіпті.

"Қайратқа "әкеңнің жанында бол" дедім. Құралай онша барған жоқ. Қайрат ылғи әкесінің жанында жүрді. Мен "қаны көтеріліп кететін, бірдеңеге ренжісе" деп айтатын едім. Ана жақта өмірі қандай болып жатқанын естігенбіз. Ана жақта кереметтей өмірі болған жоқ. "Байқа" дейтінмін. Кісіден (кісі қолынан - еск.) кететінін қайдан білейін? Қайрат ылғи әкесіне барып тұрды. Өмірден өтетін кезінде (Заманбек Нұрқаділов - еск.) Құралайға тігін студиясына келіп, кешірім сұрады. "Құралай, қызым, жақсы әке болдым ба, жаман әке болдым ба, кешір" деді. Кешірді. Құралай да кешірім сұрады. "Әке, денсаулығың қалай?" деген екен. "Денсаулығым жаман" депті. Қызметінен түсіп қалды ғой. "Денсаулығым жоқ сияқты. Қызметімнен түстім. Өмірім қызмет еді" депті. "Әке, не менімен тұр, маған қайт, не Қайратқа қайт, Қайратпен бірге тұр" депті. "Қайтам ғой, қайтам ғой" депті. Суреттері бар Құралай екеуінің. Құралайдың офисінде суретке түскен. Ол қыркүйек болатын. Қарашада өмірден кетіп қалды ғой", - деп еске алды Нұрбике Нұрқаділова.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!