Ақмола облысындағы ауылда иесіз иттер оннан астам қойды жайратып кеткен   

Ақмола облысы Бұланды ауданы Елтай ауылының тұрғындары иесіз иттерден жапа шеккенін айтып шағымданды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, иесіз иттер қорадағы малға шауып, бірнеше үйдің оннан астам қойын жайратып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауыл адамдары ауыл және аудан әкімдігіне шағымданғанымен жергілікті билік өкілдері иесіз иттерге қарсы ештеңе істей алмайтынын айтқан. Мал иелерінің айтуынша, иттер бір үйдің қорасының төбесін қазып, іргесін үңгіп кіріп, малды қыруды әдетке айналдырған.

"Ауылда иесіз, қаңғыған иттер көбейіп кетті. Кейінгі үш-төрт айдың ішінде ғана қорадағы малға шауып, ауыл тұрғындарының тұрмысына көп шығын келтіріп жатыр. 10-нан астам қой-қозыны жайратып, жеп кетті. Осылай жалғаса берсе енді балаларға, адамдарға шабудың алдында тұр. Біздің жол, су мәселесін айтқан арыздарымыздан ит мәселесі қиындау болып кетті. Жергілікті әкімшілікке қаңғыбас иттерді немесе байлаусыз иттерді атып жоғалту туралы айтқан халықтың талабы орындалмай жатыр", - дейді ауыл тұрғыны Ғанибат Мотай.

Ал Бұланды ауданының әкімі Талғат Ерсейітов Елтай ауылында малды иесіз иттердің қырып жатқанынан хабардар екенін айтты.

"Ауыл тұрғындарының өтініші бойынша аудан әкімдігі иттерді аулауға тендерді жеңіп алған "ҚазШосҚұрылыс" компаниясын шақыртты, компания өкілдері Елтай ауылына жол тартты. Заңға сәйкес иттерді атуға тыйым салынғандықтан, басқа ешқандай әрекет істей алмаймыз", - дейді Талғат Ерсейітов.

Ал жауапты компаниядан ешқандай жауап ала алмадық.

Абзал Алпысбайұлы 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!