Мусин астанадағы жарнамасы жер жарған терминалдарды тексеріп көрді

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин елордадағы Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, алдыңғы айда жаңадан орнатылған терминалдарды көрді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Бүгін Астанадағы Керей-Жәнібек хандар көшесінде орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, наурыз айында іске қосылған жеке куәліктер мен төлқұжаттарды рәсімдеуге арналған терминалдың жұмысымен таныстым", - деп жазды министр Telegram-дағы каналында.

Бағдат Мусиннің сөзінше, аталған құрылғылар жұмыс істеп тұр. Алайда 4 облыстың (Алматы, Қарағанды, Түркістан, Шығыс Қазақстан обл) тұрғындары үшін бұл қызметтер әзірше қолжетімсіз. 

"Бұл мәселе сәуір айының соңына дейін шешіледі. Біз Ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, қажетті жұмыстарды қолға алдық. Техникалық мәселелер шешімін тапқан соң, еліміздің барша тұрғыны терминалдар арқылы жеке куәліктері мен төлқұжаттарын аз уақыттың ішінде рәсімдей алады", - деді ведомство басшысы. 

Әзірше мұндай терминал астанадағы Керей-Жәнібек хандар, 4 көшесі мекенжайында ғана бар. Министр жыл соңына дейін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына еліміздегі барлық облыс орталығында дәл осындай терминалдарды орнату бойынша міндет жүктеген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!