Павлодар облысындағы ауыл тұрғындары малды үйде сойса, 70 мың теңге айыппұл төлейді

Павлодар облысындағы ауыл тұрғындары малды үйде сойса, 70 мың теңге айыппұл төлейді
Фото: Tengrinews.kz

Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы Есілбай, Шалдай, Ботабас, Галкино, Шегірен, Арбаиген ауылдарының тұрғындары малын соя алмай отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Себебі елді мекендерде мал бауыздайтын қасапхана жоқ. Аудан орталығындағы арнайы орынға жеткізу үшін тұрғындарға 80 шақырым қашықтықты еңсеруге тура келеді. Оның өзінде төрт түлікті жеткізу үшін жүк машинасы қажет. Өйткені жеңіл көлікке мал артуға тағы болмайды. Тұрғындар малдарын сойып етке өткізе алмай отыр. Үйінде сойылған малдың етімен жолда ұсталса, полиция "құжатсыз ет" деп хаттама толтырып, ветеринарлық инспекция жолдайды. Ал олар 69 мың теңге айыппұл төлетеді.

"Осы қасапхананың жоқтығынан ауыл тұрғындары күзде мал семірген уақытта төрт түлігін сойып сата алмай, тірідей арзан бағаға беруге мәжбүр. Бір қойды сою үшін сонау жердегі қасапханаға баруымыз керек пе? Жүк көлігімен 80 шақырымға барып келгенше сол қойдың жарты бағасы кетеді ғой. Өткенде мен Есілбай ауылындағы ағамның малын сойып тапсыруға әкеле жатқанда полиция тоқтатып, хаттама толтырды. Ал, аудандық ветеринарлық инспекция "арнайы орында сойылмаған, құжаты жоқ" деп 69 мың теңге айыппұл салды", - дейді Мұрат Иманғазинов.  

Шегірен ауылында қасапхана болған. Оған жақын маңдағы ауыл халқы малдарын әкеліп соятын. Қазір ол жер былтырдан бері жабық тұр. Ветстанциядағылардың айтуынша, ауыл қасапханасы стандартқа сай емес. Сондықтан жабылып қалған. 

"Қасапханалар жекеменшік, оларды талапқа сай болыңдар деп міндеттей алмаймыз. Біз тек ветеринарлық қорытынды ғана бере аламыз. Қалғаны жергілікі әкімдіктің жұмысы", - дейді Шарбақты аудандық ветеринарлық инспекция басшысы Қайыржан Дәулетбаев.

Жақында Құрбан айт келе жатыр. Ал ауыл тұрғындары малды қайда соярын білмей отыр.

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан